«Дәстүр – ұлттың болмысы». «Наурызнама» онкүндігінің үшінші күні — Мәдениет және ұлттық салт-дәстүрге арналады. Бұл күні бабалар аманатын ардақтап, ұлттық құндылықтарды ұлықтау — басты міндет. Осыған орай, Шымкентте «Жарапазан-Fest» фестивалі өтті. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 11 өнерпаз құрама қатысқан.
«Жарамазан» сөзінің түп-төркіні араб тілінен бастау алып, «Қош келдің, Рамазан!» деген ұғымды білдіреді екен. Қасиетті айда адамдардың бір-біріне жақсылық тілеп, ізгі ниетін білдіруі — көнеден келе жатқан қағида. Шымкентте өткен «Жарапазан-Fest» шарасы дәл осы дәстүрдің тамырына қан жүгіртті. Мұнда жиналғандар тек өнер көрсетіп қана қоймай, ұлттың рухани құндылығына айналған жырдың тазалығын да қорғауға тырысты.
«ТӨЛЕБИ ҚЫРАНДАРЫ» АНСАМБЛІ: «Жастардың барлығы көше көшелерде айтып жүр ғой. Біздің бұрыңғы ата-бабаларымыздың сөздері мақамдарын жоқ қылып, өздерінше сөздер жазып, әуенін түрлендіріп жатыр. Сол нәрселерді жояйық деген мақсатта, жастарға үлгі көрсетейік деген мақсатта осы шараға келіп барынша сол ата, әжелеріміздің аузынан естіген сөздерді әуендерді біз осы жерде көрсетуге алып келдік».
Республикалық додаға қатысушы 11 құрама екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы айналымда үміткерлер жарапазан жырын дәстүрлі мақаммен, арнайы көрініспен ұсынып, соңында ақ батасын берді. Ал екінші кезеңде ер азаматтардың салт-дәстүрге қатысты білімі сарапқа салынды. Аға буын қазір жарапазан айтушылардың көбі жырдың тереңдігіне емес, тек ұйқасына мән береді. Алайда, бұл жырдың басты құндылығы — оның сөзінде дейді.
СӘРСЕНБЕК БӘКІР, КОМПОЗИТОР: «Жарапазанның ол мәтіні дұрыс болуы керек. Бастысы соған назар аудару керек. Жаңағы ақ тауық, сары тауық, біз келдік айып етпеңіз, айып па деп айтылатын сөздерінің бәрі несі айып ол өзі келіп айтып тұрса. Жақсы айтып тұрса, кемшілік сұраудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Сол шаңыраққа жақсы бір дүние сыйлау керек деп ойлаймын».
Рухани жаңғыруды мұрат еткен бұл дода 2022 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Осы жылдар ішінде ауқымы кеңейген байқаудың биылғы жүлде қоры мен ұйымдастыру жұмыстарына 11 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған.
РАЙХАН АЛТЫБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ӘДЕТ-ҒҰРЫП ЖӘНЕ САЛТ ДӘСТҮР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОР ОРЫНБАСАРЫ: «Байқаудың бас жүлдесі 1 млн. 1 орынға 800 к, 2 орыннан 2 еу 700 к, 3 орынға 500 к-нан 2 орын, арнайы номинациядан 350 к нан 2 еу. Сосын ынталандыру 300 мыңнан 3. Жалпы барлық қатысушыларға жүлде қорлары бар».
Тартысты өткен бәйгеде Жетісудан келген «Тұғыр» квартеті Бас жүлдені қанжығасына байлады. Бірінші орынды Түлкібастың «Арша» тобы иеленсе, екінші орын Созақ пен Шымкент серілеріне бұйырды.
Жамбыл облысының «Талас толқыны» мен «Жуалы» топтары үшінші орынды өзара бөлісті. Сондай-ақ, Алматы, Атырау, Қызылорда және Түркістаннан келген өнерпаздар арнайы номинациялар мен ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды
Ботакөз Әнуар






