Úı ANONS Шымкентте «Көктем аруы — 2026» анықталды

Шымкентте «Көктем аруы — 2026» анықталды

Шымкенттік арулар сынға түсіп, сахна сәнін келтірді. «Көктем аруы — 2026» байқауына қатысқан бойжеткендер тек сымбатымен ғана емес, парасатымен де дараланды. Қатысушылар бес кезең бойынша өнер көрсетіп, үздік атану үшін барын салды. Сайысқа түскен арулар жас айырмашылығына қарамастан, көрерменді өз өнерімен тәнті етті.

«Көктем аруы — 2026» байқауының тәжіне Таңсұлу Сауранова да үмітті. Ол Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің 2-курсында оқиды. Болашақ музыка мұғалімі өнерден алшақ емес. Сахна мәдениетін меңгерген бойжеткен көпшілік алдында еркін сөйлейді. Соған қарамастан, арулар сынындағы қобалжуын жасыра алмады.

ТАҢСҰЛУ БАТЫРХАНҚЫЗЫ, САЙЫС ҚАТЫСУШЫСЫ: «Ұйымдастыру бәрі жақсы. Негізінен біз 1 ақ апта дайындалдық. Қобалжу бар. Мен өзі сахнада көп жүремін. Бірақ сонда да қобалжу бар. Қол дірілдеп, аяқтар сәл дірілдеп. Ең қиын кезең мен үшін сұрақ жауап деп ойлаймын».

Додаға бастапқыда 50-ден астам ару ниет білдірді. Алайда іріктеуден өткен 10 қатысушы ғана ақтық сынға жолдама алды. Қазылар алқасы үміткерлердің сырт келбетімен бірге парасаты мен ұстанымына да басымдық берді. 16 мен 35 жас аралығындағы белсенді жастардың өнерін «Мисс Шымкент — 2025» жеңімпазы Нұрай Айнабек те бағалады. Ол қатысушылардың кәсіби дайындығын жоғары деңгейде деп атап өтті

НҰРАЙ АЙНАБЕК, «МИСС ШЫМКЕНТ-2025»: «Мен де осындай сайысқа қатысқанмын. Ол қыздардың қалай қобалжып жатқанын біліп тұрмын. Дайындалғаны өте көрініп тұр, маған қатты ұнады бәрі күшті. Мен ойлаймын барлық жағынан сай болуы керек. Түр, дефиле, өнер жағынан бір-біріне сай болып тұруы керек деп ойлаймын».

Сайыс 5 кезеңнен тұрды. Биылғы басты жаңалық — байқаудың «Наурызнама» онкүндігімен тұспа-тұс келуі. Ұйымдастырушылар ұлттық құндылықтарды дәріптеу үшін бағдарламаға арнайы кезең қосты. Мәселен, «Ұлттық киім» және «Салт-дәстүр» күндеріне орай, бойжеткендер қазақы тәрбие мен әдет-ғұрыптан сынға түсті

ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» БАСШЫСЫ: «Барлығына лента, статуетка беріледі  1,2,3 орындарға 50к, 100к, 200к беріледі, көктем аруына тәж беріледі».

Сайыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Сандуғаш Бегалықызы иеленсе, екінші орын Ақбота Құралбекқызына бұйырды. Ал біздің кейіпкеріміз Таңсұлу Батырханқызы байқаудың бас жүлдесін жеңіп алып, «Көктем аруы — 2026» тәжін тақты. Осылайша, шырайлы Шымкенттің ең өнерлі де инабатты аруы анықталып, бағалы сыйлықтар өз иелеріне табысталды.

Нұргүл Жолымбетова