Президенттік стипендия қалай тағайындалады

108

Қазақстанда жоғары оқу орындарында төленетін мемлекеттік стипендияның үш түрі бар. Соның біреуі әрі көлемі жағынан үлкені – президент стипендиясы. Оны студенттер ғана емес, магистранттар да ала алады. Ақылы негізде оқитындар да алады

Президент стипендиясы тек жоғары оқу орнының шәкірттеріне және жетістіктері үшін ғана беріледі. Ережеде нақты үш мақсат жазылған. Олар:

студенттер мен магистранттарды ғылыми-зерттеу қызметімен айналысуға ынталандыру;

неғұрлым талантты және дарынды студенттер мен магистранттарды қолдау;

зияткерлік әлеуетті қалыптастыруға ықпал ету;

Жоғары оқу орындары арасында президент стипендиясын бөлу тәртібі бар.
Оған сәйкес, шәкіртақы жоғары оқу орнында күндізгі бөлімде оқитын студенттердің санына пропорционалды бөлінеді.
Ал университеттің күндізгі бөлімінде білім алушылардың саны 700 адамнан кем болса, ондай жоғары оқу орнына президент стипендиясы берілмейді. Стипендия студенттерге I-курстан, ал магистранттарға II-курстан бастап бөлінеді. Бірақ үміткер «үздік» (А, А-) деген бағаға оқуы шарт. Ақылы негізде студенттер мен магистранттар да президент стипендиясын ала алады.

Қандай жетістіктер ескеріледі

Президент стипендиясын тағайындау ережесінде нақты жетістіктер көрсетілген. Оған қол жеткізген студенттер мен магистранттар жоғары шәкіртақы ала алады.

республикалық және халықаралық олимпиадалар, шығармашылық конкурстар, спорт жарыстары мен фестивалдардың жеңімпаздары;

ғылыми жаңалықтар мен өнертабыстардың авторлары;

республикалық және халықаралық ғылыми журналдарда, ғылыми еңбектердің жинақтарында мақаласы шыққандар;

жетістіктері дипломдармен, мақтау қағаздарымен, сертификаттармен, куәліктермен расталған ғылыми-зерттеу жұмысымен белсенді айналысатындар;

білім беру ұйымдарының қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне белсенді қатысатындар.

Стипендияны ғылыми кеңес шешімі негізінде жоғары оқу орнының ректоры қол қойған бұйрықпен бір академиялық кезеңге (семестрге) тағайындалады. Ғылыми кеңестің шешімі бойынша бір адамға бірнеше рет тағайындалуы мүмкін.

Басымдыққа ие болатындар

Президент стипендиясын тағайындау кезінде алдымен үміткердің жетістіктері ескеріледі. Ал екі кандидаттың ұпайы тең болса

жетім және ата-ананың қақорлығынсыз қалған балалар;

мүгедектігі бар балаларға басымдық беріледі.

Президент стипендиясы ай сайын төленеді.
Студент 41 898 теңге, ал магистранттар 107 060 теңге алады.