Úı ANONS 85 мыңнан 150 мыңға: Ең төменгі жалақы өсе ме?

85 мыңнан 150 мыңға: Ең төменгі жалақы өсе ме?

Қазақстанда ең төменгі жалақы  85 мың теңге. Енді оны 150 мың теңгеге көбейту жоспарланып отыр. Бұл күнкөріске жете  ме? Үкімет ең төменгі жалақыны арттыруды қарастырып жатыр. Халық не дейді?

 

Қазақстанда ең төменгі айлық жалақы 85 мың теңгеден 150 мың теңгеге өсуі мүмкін. Үкімет деңгейінде қаралып жатқан бұл мәселені ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлім етті. Оның сөзінше, үкімет мұны кезең-кезеңмен арттыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алайда нақты қай уақытта шешім қабылданып, іске асатыны белгісіз.

 

АЗАМАТ ӘМРИН, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы медианалық жалақының шамамен 50%-ын құрайды. Біздің елде медианалық жалақы шамамен 302 мың теңге. Сондықтан ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге жеткізу – жақын уақыттағы мақсатымыз. Бірақ бұл бюджет мүмкіндіктеріне байланысты жүзеге асады».

 

Қазақстанда ең төменгі айлық жалақы 85 мың теңге деп бекітілген. Жұмыс берушілердің бұдан төмен жалақы тағайындауға құқығы жоқ.  Бұл сома ең қажетті тамақ пен коммуналдық қызметтерді жабуға деп есептелген. Дегенмен, қазіргі қымбатшылық жағдайында оның толыққанды күнкөріске жетуі екіталай. Мұнымен тұрғындар келісе ме?

 

«Енді бюджеттің жағдайына байланысты ғой ол да. Бюджет түсіміне байланысты. Бюджет көп болған жағдайда 150 мыңға дейін көтеруге болады бүкіл республика бойынша».

«Әрине көтеру керек. Халықтың жағдайын жақсарту керек деп ойлаймын».

«85 мың теңгеге жасап болмайды ғой. Жетпейді. Кредитің бар, балалардың киімі бар, тамағы бар. Жетпейді».

Ресми мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда ең төменгі жалақыны шамамен 1,8 миллион адам алады. Олардың 350 мыңға жуығы – бюджет қызметкерлері. Бұдан бөлек 330 мыңға жуық адамның табысы 85 мың теңгеге де жетпейді. Мұны мамандар толық емес жұмыс уақытымен және қолма-қол жалақы алатындармен байланыстырады.

Дилара Иса