Úı ANONS Алаяқтар 100 мың жалған хабарлама жіберген

Алаяқтар 100 мың жалған хабарлама жіберген

Құқыққорғау органдары ірі  SMS-алаяқтық схемасын анықтады. Күдіктілер белгілі брендтердің атын пайдаланып, көпшілікке жаппай жалған хабарлама жолдаған. Соның нәтижесінде адамдардың құпия деректерін қолға түсірген. Тергеу барысында олардың арнайы техниканың көмегімен байланыс қауіпсіздігін бұзғаны белгілі болды.

 

Ел азаматтарына сағатына 100 мың жалған хабарлама жіберген қылмыстық топ ұсталды. Олар осылайша адамдардың жеке мәліметі мен ақшасын алмақ болған. Алайда қаржылық мониторинг агенттігі мен Бас прокуратура бұл заңсыз әрекетті тоқтатты. Мұндай тәсіл ТМД елдерінде алғаш рет анықталып отыр екен.

 

ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ: «Қаскөйлер ұялы байланыс операторларының базалық станцияларының жұмысын имитациялайтын арнайы құрылғы — SMS-бластерді пайдаланған. Аталған құрылғы пайдаланушыларға жақын маңда, яғни 300 метр радиуста күшті сигнал таратып, телефондардың автоматты түрде соған қосылып, қорғанысы әлсіз желіге ауысуына себеп болған»

 

Алаяқтар арам ойын жүзеге асыру үшін арнайы жабдықты көлікке орнатып, қала ішінде қозғалып жүрген. Олар адам көп жиналатын орындарды таңдаған. Хабарламалар белгілі компаниялар атынан жіберіліп, бонустарды айырбастауға шақырған.

 

ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ: «Хабарламалар «Beeline» және «Halyk Bank» компаниялары атынан жіберілгендей көрініп, жиналған бонустарды айырбастау ұсынылған. Сілтемеге өткен жағдайда пайдаланушылар фишингтік сайттарға түсіп, тауар таңдағаннан кейін жеке деректерін, соның ішінде телефон нөмірін, аты-жөнін, банк картасының деректемелерін, CVV-кодын, сондай-ақ SMS арқылы келген растау кодын енгізуге мәжбүр болған. Осылайша, қаскөйлер азаматтардың құпия ақпараты мен банктік қаражатына қол жеткізген»

Бүгінде Қылмыстық топ жоспарының жолы кесілген. Құзырлы органдар Төрт адамды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазір аталған Іс бойынша тергеу жүріп жатыр.

Лаура Бабас