Күн ызғары басылар емес, ал жылудың берілер түрі жоқ

Шымкентке тағы да қар түсті. Қысқа дайындық мәселесі алажаздай арнайы штабта сөз болғанымен, қаладағы көпқабатты үйлердің көбінде әлі жылу жоқ.

«3-Энергоорталық» АҚ-ның мамандары берген мәліметке сүйенетін болсақ, бүгінге дейін қаланың солтүстік аймағы бойынша – 530, оңтүстігі бойынша – 463, жалпы алғанда 993 тұрғын үйге жылу берілген. Ал Шымкентте 1730 көпқабатты тұрғын үй бар.

Редакциямызға қоңырау шалып, «Үйімізде жылу жоқ!», «Қашан жылу беріледі?» деген оқырмандарымыз өте көп. Әсіресе «Теріскей», «Төменгі Отырар», «Сайрам», «Шығыс» шағынаудандары мен Ш.Қалдаяқов, Ә.Жангелдин көшелерінің тұрғындары өздерінің ашу-ызасын коммуналдық шаруашылық саласындағы жауапты басшыларға жеткізуімізді сұрайды.
Мысалы, Т.Рысқұлов даңғылы бойындағы №4 үйдің тұрғындары жылу құбырынан 3 күннен бері ыстық су тоқтаусыз ағып жатқанын айтады. Тиісті сала мамандарына хабарласқанымен, ешқандай нәтиже шықпапты.
«Сайрам» шағынауданының тұрғындары болса, жылу құбырының құрылысы баяу жүріп жатқандықтан, «биыл жылу берілуі мүмкін емес» деп ашынады.

Айта кетейік, «3-Энергоорталық» жылу беруді қазанның 31-інен бастады. Қарашаның 10-12-леріне дейін қаланы толық жылытатындықтарына сенімді. Ал «Сайрам» және «Теріскей» шағынаудандарының мәселесін орталықтың бас инженері Қыдырәлі Насипов жақсы білетіндіктерін, «Теріскей» шағынауданы бойынша дайындық жұмыстарының 1-2 күн бұрын аяқталғанын айтады. «Сайрам» шағынауданында расында да кедергілер жетерлік» дейді Қ.Насипов. Бұл шағынауданға жылу ескі құбырлар арқылы берілмек екен.

Тақырыпқа байланысты сала маманының пікірі:

Бейсен Жанбосынов, Шымкент қалалық әкімдігі ТҮКШ бөлімінің бастығы:
– Өткен аптаның қорытындысы бойынша қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің 47 пайызына жылу берілген. Бұл күн сайын өзгеріп отыр, жаңадан жылу қосылған үйлер саны әр сағат сайын көбеюде. «Теріскей» және «Сайрам» шағынаудандарына да жылу беруді бастадық. Жылу құбырларын жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды деуге негіз бар. Тек ескі үйлердегі кейбір ақауларға байланысты толық қуатында жылу беру кешігіп жатқаны рас. Орамішілік жөндеу жұмыстары қарашаның 15-іне толық аяқталады. Осы күннен бастап қала бойынша барлық үйге жылу толық беріледі.

Сонымен Байтұрсынов, Бейбітшілік, Түркістан көшелері мен Момышұлы даңғылы, әл-Фараби алаңы бойындағы 28 тұрғын үйдің 20-сына жылу беріліп, 8 үйге қарашаның 10-ынан бастап жылу алады екен. Бұл жайлы «3-Энергоорталық» АҚ-ның мамандары айтып отыр.
Дегенмен бүрсең қаққан тұрғындар көп. «Теріскей» шағынауданындағы 62 үйдің 21-і ғана бүгінгі таңда жылу алған, «Сайрам» шағынауданы бойынша 28 үйдің 9-ына ғана жылу берілген. «Теріскей» шағынауданындағы 73 үйдің 24-інде ғана жылу бар. «Цементшілер» поселкесіндегі 72 тұрғын үйдің 24-іне ғана жылу қосылыпты. Тізім осылай кете береді. Қалғаны? «Қалғаны қарашаның 10-ына дейін қосылады» деп сендіреді біздерді.
Қысқасы, қала қарашаның 15-інен кейін жылуға жаритын болады. Солай деп сендіріп отыр.

«Оңтүстік Рабат» газетінің анықтамасы:

Жылу берілмеген, жылу құбырында ақау пайда болған жағдайда мына телефондарға хабарласыңыз:

шұғыл тел: 33-02-17, 25-55-09
әл-Фараби ауданы бойынша: 54-96-54
Еңбекші ауданы бойынша: 48-11-61
Абай ауданы бойынша: 21-41-72
Қалалық ТҮКШ бөлімі:53-97-60