Облыстық кинобейнеорталық «Оңтүстікфильм» болып өзгерді

"Оңтүстікфильм" ММ 3

Осыған дейін мектеп оқушыларына тәрбиелік мәнді мультфильмдер мен кино ұсынған бұрынғы облыстық кинобейнеорталық мемлекеттік мекемесі енді отандық әншілерге тегін клип түсіріп, өңіріміз жайлы деректі фильмдер қорын дайындайды.

Бұл төлқұжат «Оңтүстікфильм» атауына ауысқан коммуналдық мекеменің жаңа қызмет түрі. Басшылық бұл ретте, өнер адамдарымен жұмысты арнайы шартқа сай келгендерімен жүргіземіз дегенді айтады.

Елу жыл бұрын «Кинопрокат» мекемесі ретінде құрылған ғимараттың 2002 жылдан бастап ресми атауы «облыстық кинобейнеорталық» болып өзгерген еді. Сөйтіп, жарты ғасырдан бері шеге қағылмаған ғимаратқа биыл облыстық бюджеттен 37 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өтті.

«Оңтүстікфильм» ММ директорының орынбасары Гүлжахан Әкімбаеваның сөзінше, мекеменің бірқатар техникалық құрылғылары жаңарып, фильмді монтаждау мен дыбыс өңдеу секілді бөлмелер қосылған. Осыған сай, жұмысқа жаңа қызметкерлер де тартылыпты.

Атауы мен ғимараты жаңарған мекеменің салтанатты ашылу күнінде «Толағай» анимациялық фильмінің де тұсауы кесілді. [youtube]http://www.youtube.com/watch?v=yT0dhtNnjOw&list=UUfxVhVdN9E8mkrN50DjJYFg&index=2&feature=plpp_video[/youtube]

Бұрынғы «кинобейнеорталық» мұрағатында өскен өңіріміз жайлы 10 мыңға жуық деректі фильм бар болатын. Соңғы жылдары бұл жұмыстар да азая бастаған еді дейді басшылық. Енді бұл міндеттің бәрін «Оңтүстікфильм» мемлекеттік мекемесі өз мойнына алатын болады дейді ондағылар.