Әлемді дүрліктірген 2011 жылдың оқиғалары

1641
дағдарыс толқыны кезінде

Уақыттың зымырап өтіп бара жатқанын кейде байқамай қалады екенбіз. Көзді ашып-жұмығанша 2011 жыл да өтіп, жаңа 2012 жылға аяқ басқалы отырмыз. 2011 жылы жаһанда көптеген қуанышты да, қайғылы да оқиғалар орын алды. Біреулер үшін 2011 жыл қуаныш әкелсе, енді біреулер үшін қайғы қасірет әкелген жыл болды. Сонымен ескі 2011 жыл тарихта қандай оқиғалармен қалады? Дәл осы сауалға «Жәрдем» ресми порталының тілшісі  Мадина Омаркулова  талдау жасапты. Сонымен…

2011 жылы  Әлемді дүрліктірген басты оқиғалар қатарына Ливияда орын алған толқулар, Жапониядағы табиғат апаты және «Фукусима» АЭС-нің жарылуы,  2011 жылдың негізгі оқиғалар бестігіне сонымен әлемдік, экономикалық дағдарыс, евроаймақтағы дағдарыс, араб революциясы да кірді.

Жапониядағы зілзала салдарынан 13130 адам қаза болып, 13718 адам із түссіз жоғалғандардың тізімінде болған. Ескі жыл ел есінде Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдеріндегі қантөгістермен тарихта қалды. Алғаш толқулар басталған тәуліктің ішінде төрт мемлекетте бірдей қарулы қақтығыстар болып, бірін-бірі өлтіріп жатты. Таяу Шығыстағы толқулар қаңтар айында Тунисте болған «жасмин» революциясынан кейін президент Зин аль-Абидин бен Али үкіметті отставкаға жіберді де артынан өзі елден кетті.

Бұдан кейін Мысыр оппозициясы президент Хосни Мүбәрактың биліктен кетуіне қол жеткізді. Революция жалыны көрші Ливия, Йемен, Сирия, Алжир, Сауд Арабиясын шарпыды. Революция эпицентрінен алыста жатқан Уганда мен Оңтүстік Африка республикасында да көтеріліс шықты. Ирактың да шырқы бұзылды, Бағдатта әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап еткен бірнеше демонстрациялар өтті. Ливияда аяғы азамат соғысына айналған көтеріліс басталғаны баршаға мәлім.

2011 жылы Қазақстанда болған елеулі оқиғаларға тоқталсақ. 29-қаңтар мен 6-ақпан аралығында болған Жетінші қысқы Азиада ел спорты үшін ерекше оқиға болғаны сөзсіз. Қазақстан спортшылары 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медальді қоржынға тағып, жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды. Спорттың 11 түрінен 69 алтын жүлде жиынтығын сарапқа салған қыз-жігіттер дүбірлі додада бірнеше мәрте Азия рекордын жаңартты.. Қазақстан үлкен доданы қабылдаған ТМД-ның тұңғыш мемлекеті болып тарихта қалды.

Ақ Азиада мәресіне жеткенен кейін халық үшін тағы бір атаулы оқилардың бірі мерзімінен бұрын болған Қазақстан Республикасы Президенті сайлауы еді. Алдымен референдум өтеді деп шулаған жұрт, енді сайлауға дайындалды. 3-сәуір күні сайлау өтіп, «Нұр Отан» партиясының атынан сайлауға түскен президенттіке кандидат Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 95,55 пайыз дауысын жинап, айқын басымдылықпен жеңіс тұғырына көтерілді. Н.Назарбаев осымен төртінші рет ҚР президенті қызметіне кірісті.

2011 жылы көктемнің алғашқы күндеріндегі ауа райының күрт жылынуы, қардың бірден тез еруіне алып келді де өзендер арнасынан асып Батыс Қазақстан облысындағы бірқатар аудандардың елді мекендері су астында қалды. Табиғи апаттың салдарынан автомобиль жолдарын су шайып, тұрғын үйлер мен ғимараттарды су басып кетті. Апат аймағынан 2 мыңға тарта адам қауіпсіз жерлерге көшірілді. 1620 үй және 400 жазғы үй су астында қалып, мал қырылды.

Үкімет тарапынан Батыс Қазақстан аймағына 870 миллион теңге бөлінген. Ел есінде ерекше есте қалған тағы бір жағдай бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев соты. Тамыздың 5-і күні бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің ісі бойынша үкім шықты. Сот Досқалиевтің мүлкін тәркілеп, өзін 7 жыл бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтеуге кесті. Екі жарым айға созылған сот процесінде барлығы 83 том қылмыстық іс зерттеліп, 200-ден астам адам куәлік берді. Олардың арасында Досқалиевтің көптеген әріптестері де болды. Олар сотталушының Қазақстан медицинасына қосқан үлесі ерекше екенін айтып, соттан соны ескеруге шақырған еді. Ал бұрынғы министр сотта өзіне тағыл-ған айыптардың ешқайсысын мойындамайтынын айтты. 55 жастағы медицина ғылымының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев денсаулық сақтау министрі қызметіне екі рет тағайындалған еді. Жақсылық Досқалиевке байланысты қылмыстық іс ол осы министрлікті басқарып отырған кезде қозғалған еді.

Қазақстанның кеден одағына кіруіде әлем назарында жүрген оқиғалардың бірі. Қазақстан, Ресей және Белорусия арасындағы кедендік одақ 2010 жылдан бастап жұмыс істей бастаған . 2011 жылдың 1-шілде де Кедендік одақтың ортақ кодексі өз күшіне енді. Парламенттің төменгі палатасы Мәжілісті тарату туралы шешім Қазақстандағы негізгі саяси оқиға болды. Құрылыс 23 жылға созылған Алматы метрополитені де қолданысқа берілді.

2011 жыл Қазақстандықтар үшін қайғылы оқиғаларымен есте қалатыны анық. Ел ішінде қантөгіс те орын алды. 12 қарашада қылмескерді ұстау барысында 7 адам қаза болды. ҚР баспрокуратура мәліметі бойынша Тараз қаласында жеті адамның өмірін қиған атыс пен жарылысты жихадшылар жолын ұстанатын адам жасаған. Бұның алдында қазанның 31-і күні таңертең Атырау қаласында облыстық әкімдіктің маңында және Сары-арқа ықшам ауданында екі жарылыс болса, мамаыр айында Ақтөбе қаласы мен Астанада жарылыстар болған еді. Қазақстанның тергеу орындары ол жарылыстардың екеуін де террорлық әрекетке қоспай, «жеке сипаттағы қылмыстық оқиға» ретінде көрсетуге тырысты. Қазақстан бас прокуратурасы қарашаның 9-ы күні Атыраудағы жарылыстарға қатысты қылмыстық топтың ұсталғанын хабарлады және осы оқиғаға ауған-пәкістан шекарасындағы «Халифат сарбаздары» атты ұйымының қатысы бар деп мәлімдеді. Бұл ұйым осыған дейін Атыраудағы жарылысты өз мойнына алатыны жөнінде интернет арқылы мәлімдеме жасап, ол жарылысты «Қазақстан билігіне жасалған ескерту» деп атаған болатын. Террорлық әрекеттерді болдырмау және алдын алу шараларына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінетін болды.

2011 жыл 16-желтоқсан Қазақстан республикасының тәуелсіз мемлекет атанғанына жиырма жыл болды. Осындай айтулы күні халық дүбірлетіп той өткізу жоспарланған кезде Жаңаөзенде қан төгіске әкеп соққан халық толқуы орын алды. Желтоқсанның 16-нан 17-не қараған түні жаппай тәртіпсіздіктерге «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнай» компаниялардың бұрынғы жұмысшылары қатысты. Төтенше жағдай режимін енгізілді. Соңғы мәліметтерге қарағанда тәртіпсіздіктер салдарынан 86 адам зардап шеккен, 16 адам қаза болған.Ресми өкілдің атап өтуінше, аталған адамдардың кейбіреулері құқық бұзушылардың әрекеттері салдарынан қаза болған. Қала акиматы, «Өзенмұнайгаз» әкімшілік ғимаратын әдейі өртеп жіберген. 29 комерциялық объектілер, банк филиалдары тоналып, өртенген. Ал 22 желтоқсан күні Батыс аймаққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі барды. Ақтау қаласында Президент облыс активінің, көрнекті жұртшылық, зиялы қауым өкілдерімен, мұнай компаниялары еңбек ұжымдарының өкілдерінің қатысуымен Жаңаөзен қаласында орын алған қайғылы оқиға мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Мемлекет басшысы облыс активіне жаңа әкімді таныстырды. Маңғыстау облыстық мәслихатының келісімімен облыс әкімі қызметіне Бауыржан Мұхамеджанов тағайындалды. Қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласындағы жағдай тұрақтанды. Басқару органдары қалыпты режимде жұмыс істеуде. Жаппай тәртіпсіздіктің туындауының ресми себеі бұзақы топтың іс-әрекеті, олар жұмыстан босатылған еңбеккерлер мен «Өзенмұнайгаз» компаниясы басшылығының арасындағы еңбек шиеленісінің көпке созылғанын пайдаланды деген мәлімдеме берілді. Сонымен тәртіпсіздіктер тоқтатылып, «Қазмұнайгаз» компаниясы, «Самрұқ-қазына» басшылары орнынан алынды. Жаңаөзендегі жағдай дұрысталып келеді. Жаңаөзендегі трагедия еліміздің барлық азаматтары үшін ортақ. Жаңаөзенде орын алған оқиға биліктің кез – келген жағдайға дер кезінде әрекет етпеуінен қандай зиян болатынын көрсетті.
Ескі жыл ел есінде осындай оқиғалармен қалады.