Қазақстанның би өнері орны толмас қазаға ұшырады

341
Қайрат Шағырбеков - Қр екі дүркін чемпионы

Спорттық биден чемпион атанған Қайрат Шағырбеков 19 жасында өмірден өтті.

Қазақстанның екі дүркін чемпионы Қайрат бал билерінен елімізді аузына қаратқан спортшы болатын. Оның болашағына оңтүстіктің бапкерлері де үлкен үміт артатын. Алайда, 2011 жылдың 30 желтоқсанында орын алған қайғылы оқиғадан жерлесіміз мәңгіге көз жұмды. Көзі тірі болғанда Қайрат қаңтардың 9-ы күні 20 жасқа толар еді.

Ел чемпионы улы газдан көз жұмған. 30-желтоқсан күні Қайрат мешітке бармақ болып, моншаға кіріп кетеді. Әкесі кешке ұлының ұзақ уақыт бойы жоғалып кеткенінен секем алып, моншаны барып көреді. Достарының айтуынша, әкесі баласын жерде жатқан жерінен тауып алған. Болжам бойынша, Қайрат моншаға жиналған газдан уланып қалған.

Татьяна Катичеваның би тобына Қайрат Шағырбеков 12 жасында келген. Бүгінде бапкер оның би өнеріндегі алғашқы қадамдарын еске алып, көз жасына кейде ерік береді. Қайрат өзге спортшылардың арасында шеберлігімен топ жарған да еді.

Татьяна Катичева, бапкер: «Оның жаттығу залының есігін ашып алғаш рет келгені де әлі күнге дейін көз алдымда. Дарынды биші еді. Қайрат бір жылдан кейін-ақ Қазақстан Чемпионатына барып, алғашқы үштіктен көріне білген болатын. Ол Қазақстанның атынан Әлем Чемпионатына қатысып, оңтүстік мақтанышына айналған биші еді. Оның арамызда болмауы оңтүстік спорты үшін орны толмас қайғы.»

Анастасия и Петр, Қайраттың жолдастары: » Көңіл күйін түсірмейтін, әрдайым күліп жүретін. Жарыс кезінде де барлығымызға демеу болуға тырысатын. Қыздар да оның жанынан шықпайтын. Көрікті жігіт еді.»

Келесі айда Қайрат Қазақстан чемпионатына қатысып, ел чемпионы атағын үшінші рет жеңіп алуды жоспарлап та жүрген еді. Алайда, жерлесімізге бұл мақсатқа қол жеткізу бұйырмапты.

«Отырар» ТА және «Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттерінің ұжымы Қайрат Шағырбековтың туыстарына көңіл айтып,~қайғыларына ортақтасады.