Аудандар таратылмайды

Аудандар таратылмайды. Облыс орталығын миллионер қала ету үшін,жылдан жылға халық саны ұлғайып жатқандықтан Сайрам,Төлеби, Ордабасы аудандарынан кейбір жер телімдері алынып Шымкент қаласына берілмек.

Ел арасында «Сайрам ауданы таратылады екен…», «Ордабасы ауданының жерін Шымкент қаласы толық өзіне қаратып алады екен…»,-деген әңгіме желдей есіп жүр.

Мәселенің мәнісі, Шымкент қаласының жер аумағын кеңейтуге бағытталған жұмыстардың басталуында болса керек-ті. Былтыр Елбасы Н.Ә.Назарбаев Шымкентке келгенде облыс орталығындағы халық санын 1 миллионға жеткізу керектігін шегелеп тапсырғаны бар.Соған орай, Шымкент қаласының бас жоспарына өзгертулер енгізілуде.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенер болсақ «… өзгертулер бойынша қала аумағы 39 мың га-дан 117 мың-ға дейін өседі, қала аумағына Сайрам, Төлеби және Ордабасы аудандарының бір бөліктері кіреді»,-делінген.

Алайда, Шымкент қаласының 2004 жылғы бас жоспарына сай Сайрам ауданының аумағынан кіргізілген жерді тарату кезінде көптеген заңсыздақтар орын алған. Оған 2006 жылы жерді табыстау барысында атқарушы органдар тарапынан жіберілген заңсыздықтардың арқасында «Достық» шағынауданының мәселесі әлі күнге дейін дау-дамайға айналып келе жатқанын қосыңыз.
Сондықтан, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тапсырмасына байланысты, облыс прокуратурасымен «Миллиондық қалаға – жер заңнамасын бұзбастан» («К миллионному городу – без земельных нарушений») жобасы жүзеге асырылуда.

Аталған жобаның басты мақсаты – Шымкент қаласы бойынша қаланың бас жоспарына енгізіліп жатқан өзгертулерге сай Сайрам,Төлеби және Ордабасы аудандардың аумақтарынан қалаға кіргізілетін аймақтар бойынша жер телімдерін заңсыз тарату, жерлерді заңсыз иелену деректерін болдырмау, заңсыз табысталған жерлерді мемлекетке қайтару.

Осыған орай және жер заңнаманың талаптарын бұзу деректерін жою, олардың алдын-алу мақсатында облыс прокуратурасында арнайы жұмыс тобы құрылып, Шымкент қаласы, Сайрам, Төлеби және Ордабасы аудандары бойынша жер телімдерін табыстау туралы шешімдердің заңдылығына үнемі тексерулер мен зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Кейбір тұлғалар тарапынан қаладан, қалаға кіретін аумақтардан жер алып беру, заңсыз иеленген жерді заңдастыруға көмектесу туралы ұсыныстары түсуі мүмкін. Алаяқтарға алданып қалмас үшін, сатып алмақ болған жер туралы мәліметті алдын-ала тексеріп алғаныныз жөн.
Осындай заңсыз ұсыныстар, немесе кейбір тұлғалар тарапынан жерлерді заңсыз иелену деректері туралы білсеңіздер облыс прокуратурасының 530349 телефонына хабарласуыңызға болады.