Балаңыз ауырмасын десеңіз, оның тамақтану кестесін бақылаңыз

муляж 4

Оңтүстікте балалардың денсаулығын арттыру бойынша жасалған жұмыстар баршылық. Бірақ балалар дәрігерлерінің біліктілігін жылына бір рет емес, күнделікті жетілдіріп отыру қажет. Мұндай қорытындыны республикалық бала жасындағы аурулардың жүйелік бағдарламасының жетекшісі Зәуре Оспанова мәлімдеді.

Бес күн бойы еліміздің барлық аймағынан жиналған педиатрлар мен үйлестіруші дәрігерлерге семинар өткерген ақ халатты абзал жан бұл жиынды Шымкентте арнайы ұйымдастырды. Себебі, шаһардағы балалар ауруханасында бүлдіршіннің нақпішіні секілді қажетті құрылғылар мен үлгілер қамтамасыз етілген.

Зәуре Оспанова, республикалық бала жасындағы аурулардың жүйелік бағдарламасының жетекшісі: «Осы күнге дейін әрбір медицина қызметкері 5 жыл сайын біліктілігін жетілдіріп отыратын. Бұл қазір жеткіліксіз білім деп есептеледі. Сондықтан да, баланың өсуіндегі ең қауіпті кезең – 5 жасқа дейінгі аралықта оның науқасын дұрыс анықтап, оған дер кезінде көмек беріп және ата-анаға дұрыс кеңес беру үшін әрбір облыста осындай орталықтар болуға тиіс. Бұл дәрігердің біліктілігін сынап қана қоймай, оның іс жүзінде жүзеге асыруына таптырмас себеп. Осындай оқулар арқылы ата-анамен жұмыс істеу оңайға соғады».

Бала жасындағы аурулардың көшін суық тию, жөтел мен іш өту және дұрыс тамақтанбаудан болған сырқаттар бастап тұр дейді мамандар. Үнемі өзгеріп отыруды талап ететін медицина ендігі жерде ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуге үгіттейді.

Гүлнар Әбдірахманова, Батыс Қазақстан облысынан келген балалар дәрігері: «Біз науқастанған баланың жағдайын бақылау арқылы, тек қажет кезінде ғана бактерияға қарсы препараттарды қолдануымыз қажет. Яғни, дұрыс тамақтану мен мардымды көңіл баланың ауырмауына жол бермеуі тиіс. Бүгінгі семинардан алып жатқан басты тапсырма осы мәнге саяды».