Кентауға жылу беріле бастады

Кентау жылусыз қалды

Кентау қаласындағы жылу беру жайы тұрақтала бастады. Облыс басшысы қыстың қырық күн шілдесінде бүрсең қаққан Кенді қала тұрғындарымен кездесіп, жағдайын біліп қайтты. Қазір шаһардағы білім ошақтары мен интернаттарда және ауруханалардағы сынап бағанасы 20-21 градус жылылықты көрсетіп тұр. Оқушылардың сабаққа келуі 97-98 пайызды құрайды.

Еске салайық, өткен сенбі, яғни 4 ақпан күні түнгі сағат 3:30-да ЖЭО-да күннің күрт салқындауы салдарынан алты қазандыққа мазут беру тоқтап қалған болатын. Соның салдарынан Кентаудағы көпқабатты үй тұрғындары жылусыз қалған еді.

Кентаудағы перзентханалар мен ауруханаларда да жағдай ретке келе бастағандай. Әкім тіпті, әрбір палаталардағы сынап бағанасын өзі тексерді. Жылу беруші қазандық жекенің құзырында қалып, Кентаудағы 35 мың халықты қинағанын көрген соң, келер жылы тағы да кесір келмеуі үшін оны мемлекет қарамағына өткізуді қарастырамыз деді облыс басшысы.

Асқар Мырзахметов, ОҚО әкімі: «Ең бастысы, қауіптің бетін сейілттік. Біз қазір жекенің құзырындағы қазандықтың мәселесін шешуді ойластырудамыз. Барлық түйткіл бұл нысандағы жылу таратушы құрылғының ескіргенінен болып тұр. Ондағы жылыту қазандықтары мүлдем жарамсыз күйге түскені қаланың халқын осылай қинады».

Шаһардағы қазандықтардың істен шығып қалуына байланысты қазір облыс басшылығының арнайы жұмыс тобы тергеу жүргізуде. Осы топ, сонымен бірге жаққан жылуы үшін теңге төлегісі келмейтіндерді де құрыққа алмақ. Себебі, Кенді қаладағы көп жұрттың мардымсыз жылу тұтынуына көлденеңнен шыққан көкаттылар да кінәлі.