Кентау қашан оңалады?

 Кентау қашан оңалады? Өткен аптада қақаған аязда Қаратау тәжі атанған қала тұрғындары жылусыз қалды. Жыл сайын жырға айналған 5 жылу энерго орталығы тағы да сыр берді.

Кентау халқының қақаған қыста жылусыз қалып, қайсыбір басшылар тарапынан жіберілген салақтықтың салдары өзгелерге ащы сабақ болғаны анық. Ақпанның ақырған аязында орын алған төтенше жағдай туралы шу облысты айналып өтіп, Астанаға да жетті.

Биылғы қыс талай басшының жүйкесіне жүк салып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырғандай. Қара күзде «қандай қыс болса да тастүйін дайынбыз, жұртты жылытатын, халықты қыздыратын қауқарымыз бар» деп бөскен әкім-қаралардың айыптары бір-ақ күнде ашылып қалғаны ұяттау тірлік болды. Әйтпесе, 80 мың тұрғыны бар Кентаудың 35 мыңнан астам адамы айдың күні аманында тастай суық бөлмелерде төрт қабат көрпені тарс бүркеніп жатпас еді. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бұл жөнінде «жағымсыз оқиға» деп баға бермес еді. Астанадан ат арылтып жеткен Төтенше жағдайлар министрі В.Божко бәрінің екі аяғын бір етікке тықпас еді.

Бар жұмысын жиыстырып қойып, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Кентауда жүргені де келеңсіз оқиғаны жасырып, жабу емес, керісінше неғұрлым тез арада халықты жауратпай, тоқтап тұрған қазандықтарды іске қосудың әрекеті болатын. Болар іс болды, кінәлілер жазасын алды дегенімізбен, жағдай әлі толық тұрақтанды деу де асығыстық болар. Алда әлі аяз барын ауа райын болжаушылар жақтары талғанша қайталауда. Жалғыз Кентау ғана емес, өзге де шағын қалалар мен аудан басшылары кез келген төтенше жағдайдың алдын алуға даяр болулары керектігін кешегі Кентаудағы оқиға ескерткенін естерінен шығармағандары жөн.

Жалпы, Кентаудағы төтенше жағдай қалай орын алды, бұған кім кінәлі? Ақпан айы көпшіліктің есінде жуық арада болмаған ақырған аязымен есте қалатын болды. Осы айдың 4-і күні Кентаудың ЖЭО-5-інде бірден алты қазандыққа мазут беру тоқтаған. Орталықта орын алған апат салдарынан жылу жүйелері істен шығып, қаладағы 326 көпқабатты және 1000-ға жуық жеке сектордағы үй тұрғындары 4-5 күн жылусыз қалды. Қала әкімі Нұржігіт Қалмырзаев ауруханалар мен мектептер, балабақшалардың ғимараттарын жылыту үшін резервтік шағын қазандықтарды қосуға пәрмен бергенімен, қосымша жылу беретін қазандығы жоқ бір мектеп пен алты балабақша уақытша жабылды. Тұрғындар әлектр қуатына күндері қарап, шағын жылытқыштармен «шықпа жаным, шықпамен» күн кешулеріне тура келді.

Төтенше жағдайдың алдын алудың арнаулы штабы құрылып, оны тікелей облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі басқарды. Кентаудағы ахуалды Үкімет басшысы да назарда ұстап, түйіткілді мәселенің түйінін тарқатуды бірінші вице-премьер Серік Ахметовке тапсырды. Нәтижесінде, көп ұзамай қалаға жылу беріле бастағанын бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатты. №5,6 қазандықтардың жөндеу жұмыстары аяқталып, олар қалаға жылу беруді бастады. №7 қазандық та жөнделіп, ол да пайдалануға берілді. Қаланы жылумен қамтуға үш қазандық жеткілікті дегенімізбен, қосалқы №11 қазандық та күрделі жөндеуден өтіп, резервке қойылды. Дер кезінде қолға алынған осындай шұғыл шаралардың нәтижесінде қиыншылықтар артта қалып, ең бастысы, мектептерде сабақ тоқтатылмады. Әрине, мұның барлығы айтуға оңай болғанымен, қаншама күш-қайрат, ұйқысыз өткен түндер, жүйкеге түскен салмақ аз болмады.

ЖЭО-5 бұған дейін жекенің меншігінде болып келген. Оның қожайыны өз мойнына алған инвестициялық міндеттемелерін орындай алмағандықтан өткен жылғы тамыз айында жылу – электроорталығы сот арқылы қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылған болатын. 1934 салынған, құрал-жабдықтары әбден тозған ЖЭО-5 толық күрделі жөндеуден өткізіп, жаңғырту ісі биылғы жылға жоспарланған екен. Әйтсе де, өткен жылғы күзде жылу жүйесінің басшылығы «қысқа толық дайынбыз, барлық мүмкіншіліктер қарастырылған» деп есеп берсе де, айтқандарына сеніп қалған Қалмырзаев қапы қалды. Қапы қалғаны сол,»қатаң сөгіс» арқалаған қала әкімінің әлі күнге ұйқысы шала, көңілі алаң. Ал қала әкімінің орынбасары, ЖЭО-5 жауапты А. Алдамұратов, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Қ. Төлепбергенов, » Кентау сервис» (ЖЭО-5) директоры Н.Қожахметов қызметтерінен қуылды.

Кентаудан шыққан шу облыс әкімі А. Мырзахметовке де оңай тиген жоқ. Алдағы кезде мұндай көмшілік қайталанбауы үшін қаланың халқынан кешірім сұрап, Алматы қаласындағы ғылыми-зерттеу институты мен облыс мамандары болашақта Кентаудан жаңа жылу энергоорталығын салуды немесе қазіргі орталықты заман талабына сай қайта жаңғырту мәселесі қолға алынып жатқанын айтып өтті. Ал Премьер-министр Кәрім Мәсімов болса, үкіметтің селекторлық кеңесінде дәл осы мәселені барлық облыс әкімдерінің қаперіне салып, «Кентаудағы жағдай бәріңе сабақ, бұдан былай күзде өтірік ақпар берулеріңді қойыңдар» деген ескертпе сөз арнады.

Иә, қыс келерін білмеген бірталай басшылар өздерінің жауапсыздығы мен қырсыздығы кесірінен әп-сәтте биік креслоларынан ауып түсті. Ал олардың кемшілігінің зардабын қарапайым халық тартты. Қазір Кентауда қалыпты жағдай орныққанымен, әлі де көпшіліктің көңілдерінде үрей барын аңғару қиын емес.

Ердәулет Сұлтан

 Мәселеге орай айтылған сөз:

Кәрім МӘСІМОВ, ҚР Премьер-министрі.

Барлық облыс әкімдерінің назарына саламын. Біз бұл мәселені күзде талқылағанда, барлығы ойдағыдай деп айтқансыздар. Серік Нығметұлы, сізге айтар тапсырмам – осы мәселені жергілікті әкімдермен, министрлермен, тиісті ведомстволармен үнемі назарда ұстап отырыңыздар. Кейінірек сізбен тағы талқылаймыз.