Атың шықпаса…әйеліңді қарала

Астанада бес баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған әке жайлы ақпарат тез тарады. Оның Оңтүстік Қазақстан облысынан екенін де ел естіді. «Келінім бұрынғы күйеуіне кетіп қалды, бес баланы балама тастап» деген ене сөзі де шынайы көрінген. БАҚ-тағы жаңалықтардан көрсетілген бұл көріністен соң ел болып көпбалалы әкеге көмек қолын созғандар аз болмады. Бірақ, жалғызбасты әкенің діттегені басқа мәселе сияқты…

Сарыағаштық отбасының басына түскен жәйттердің барлық шынайы көрінісін айтып бере алмаспын, десек те тағдыры ауыр келіншектің өзімен сұхбаттасудың сәті түскен соң, айтпай тұруға тағы болмады. Түсінгеніміз енесі мен күйеуі о бастан-ақ Астанадан пәтер алуға қатысты бақай есепті ойластырған көрінеді.Сөйтті де күйеуі бүкіл ел алдына шығып, әйелін «шетел асып кетті, бала-шағасын тастап…» деп жар салды. Ащы шындық осы екен деп, оны эфирге шығаруға асыққандар да табыла кетті. Мұны көрген көпшілік көздері жәудіреген ұл -қыздарды аяп, Елорданың Бөгенбай елдімекеніне қарай ағылды. Жаппай көмек қолын созды. Сөйтсе, балалардың анасы шетел аспапты, аман-есен екен. Керісінше, ол балаларын бауырына басқысы келеді. Оған дәрменсіз. Иә, дәрменсіз…

Сарыағаш ауданының Ынтымақ ауылында тұратын Сейдақбаровтар отбасы туралы ақпарат ғаламторда бүкіл әлемге тарады. Оқиғаның басты кейіпкері Ләззат – 4 баланың анасы. Оны дүйім жұртқа танытқан – күйеуі Қалмұрат. Алдымен Ләззаттың өзі туралы айтсақ дұрыс болар. Себебі, бұған дейін көрермендер оның күйеуін тыңдады. Қалмұраттың әңгімесін естіп, «шетелге балаларын тастап кетіп қалған безбүйрек ананы» барша жұрт қаралағаны да рас. Ал ол кезде Ләззат шет елде емес, Оңтүстікте, Сарыағаш ауданындағы Ынтымақ ауылында өзін жамандап жүрген күйеуінің ағайындарының үйін паналап жүрген екен…

28 жастағы келіншектің қазір аяғы ауыр. Бесінші перзентін босанғалы отыр… Бұл отбасыға ол 2004 жылы келін болып түсіпті. Өзі көрші ауылдың қызы.

«Алғашқы перзентімді 7 айлық етіп, мерзімінен бұрын босандым»,-дейді ол. Сол жылы қайыненесі Астанаға кетіп қалғанын айтады. Жанындағы Өзбекстаннан күдікті тауар таситын 2 әйел 7 жылға сотталып кеткендіктен оның кесірі енесіне де тиген көрінеді.

«Іскер» ана 2010 жылы ұлы Қалмұратты Астанаға шақыртып алады. Ләззәт пен төрт баласы, атасы кейінірек көшіп барады. Алғашқыда жылы қарсы алған енесі мен қайыніні, қайынсіңлілері арада 2 ай өткен соң алдын ала түзген жоспарлары бойынша, келінін қууға әрекеттенеді. Ол кезде Ләззәт енесінің орнына аула сыпырушы болып, таңғы бестен кешкі тоғызға дейін қара жұмыс істеп жүрген. Сонда да басынан құқай кетпеген оған «тамағыңды ақтамайсың»- деп әрқайсысы бір түртпектейді екен. Бір күні жұмыстан келген келінді үйдегілер түгел жабылып, қыстың қақаған түнінде далаға шығарып жібереді. Сол кезде Зухра Сейдақбарова келінін балаларына бола алдыртқанын жасырмайды. Ләззәттың күйеуі де анасының әрекетін қолдап, келіншегін қосыла қуады үйінен. Жалаң халатпен далада қалған ол Астанада тұратын туысқан әпкесінің үйінде екі апта ауырып жатқан соң, жол қаражат әзер тауып, ауылға келеді. Сол кезде кіші қызы 8-9 айлық екен. Ауылдағы үйді біреулерге жалға берген «ақылды ене» ондағыларға: «келінім келсе, кіргізбеңдер»,-деп айтып қойыпты.

Ләззәт өз анасының үйіне барады. Онсыз да бір қора жан, нан-шәйға қолдарын әрең жеткізіп отырған олардан қандай көмек болсын?! Бұлай жүргенім болмас, ажырасып балаларымды қайтарып алайын деп ойлаған жас ана сотқа арызданады. Нәтиже жоқ. Созбалаңға салынған өтінішті аудандық прокуратура мен «НұрОтанға» да бергенін, 3 ай бойы қайда барсам да, «беретінің бар ма»,-деген сөзді естимін, -деп Ләззәт жылап қоя берді.

Балаларын күшпен болса да алып қайтпақ болып, Ләззәт Астанаға тағы жол тартады. Балалары ауырып қалған екен. Ал бұл кезде енесі Қалмұрат пен Ләззәтті сырттай ажырастырып қойыпты. Ол құжатты ауылға келгенде көреді. Ауылға келген соң Ләззәт жол бойында көже, айран сатып отыратындарға көмекші болып, бір айдан астам уақыт жұмыс істейді. Отыз мың теңге тауып, тамыз айында Астанаға тағы да жол тартады. Балалары шырылдап, «анамызбен кетеміз» десе де, енесі мен күйеуінің бауырлары ұрып-соғып, бұны шығарып жібереді. Үсті көкала болған ол полицияға арызданады. Бірақ нәтиже шықпаған.

Полицейлер: Қарызыңызды қайтып аласыз ба? дегеннен артық сөз де айтпайды. Алған жарақаттарымның сараптамасын да бермеді», – дейді Ләззат.
Ауылға келіп, ізденуден де дәнеңе шықпасын білген келіншекті сол кезде сөзбен демеп, қолдаған апасы ауылдағы медрессеге барып күнелтуге кеңес береді. Былтырғы жылғы күзден бері Ләззәт сол медресседе. Бес уақыт намазын оқып, Жаратқаннан күндіз-түні «Е, Алла, балаларымды қайтаруға сеп бола гөр!» деп жалбарынуда. «Маған тек балаларым керек. Мені дүйім жұртқа қаралап, күйе жаққан енем мен күйеуімнің аналық құқығымнан айыруы да жазасыз қалмас»,-дейді ашынған ана.

Сөйтіп, республикалық телеарналарда «айдың күннің аманында» әйелінен көз жазып қалған Қалмұрат қазан-ошақтың басында өзі жүргенін көрдік.
«Аспаз болып кеттік қазір. Тамақты тез-тез дайындап, балалардың шайларын беруім керек. Амал жоқ қой енді, қайтейін?-деп көлгерсіген Қалмұрат әйелінің сыртынан өтірік айтып, «балалары анасын жатсынады»- деп тағы да қосып қойды.

» Келінімді іздеуге де бердік. Таппадық. Міне екінші жыл. Бұрыннан да өзінің қитұрқылығы бар еді, шыдап келген едім. Ақырында міне, кішкентайын сегіз айлығында тастап, қашып кетті,- дегенді де айтты енесі.

«Үй тірлігіне әбден төселіп қалған Қалмұрат суықтан аурушаң болған балаларыма жылы бір бұрыш бұйырса екен, деп армандаумен жүр»,- деген ақпарды эфирден есітіп, аяныш білдірген азаматтар оған көптеп хабарласа бастаған. «Жалғызбасты әкенің» тауқыметін шешуге министрдің өзі араласты.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова жалғызбасты әке туралы бейнематериалды көргенін және тиісті орындарға нақты тапсырма бергенін мәлімдеді. Ал ойда-жоқта жұбайы тастап кетіп, бес баласын 35 мың теңге жалақысына жалғыз асырап отырған көп балалы әкеге көмектесемізサ деп еліміздің барлық аймағынан, тіпті, шетелдегі қандастарымыздан да хабарласып жатты.
Арада апта өтпей-ақ, шындықтың беті ашыла бастады. «Жалғызбасты әкемін» деген Қалмұрат туралы жаңа мәліметтер елге тарады. Көз жасы көл болған 28 жастағы Ләззат бауыр еті – балаларын бір көруге зар екенін барша жұртқа жариялады. Қалмұраттың туыстары олардың қосылуын қалап, барын салып жатқанда, күйеуі «жүрісі жеңіл» әйелінен бас тартып, біржола ажырасқанын айтып, сандырақтады. Қалмұрат құжат бойынша көпбалалы әке атана алмайды, үлкен қызы басқа әйелінің атына жазылған.

Телеэкраннан «жалғызбасты әкемін» деп жаҺанға жар салған Қалмұрат «мақсатым Астанадан үй алу болған жоқ» деп өзінше ақталды. Жомарт жандар оның отбасына әлі де көмектесіп жатыр, әкімшілік бұл кезде екі баласын балабақшаға да орналастырып берген-ді. Біреулерінің қитұрқы әрекеттерінен бейкүнә балалардың әлі күнге дейін жапа шегіп отырғаны жанға батады. Ләззәттің айтқанындай, үш жүз мың теңгеге бола сыртынан аналық құқығынан айырған сот органының қызметкерлері бұған не дер екен? Кезінде талай құзырлы органдардың табалдырығын тоздырғанда: «беретін нең бар?»,-деген шенеуніктер қандай уәж айтып ақталар екен?

Астанадан пәтер алу үшін отбасының ойранын шығарып, елді адастырған мұндай ер азаматтарға не деуге болады. Ұят-ай?!
Айтпақшы, телеарналардан көрсеткендей Қалмұраттың дәл қазір 5 баласы жоқ, қасында төртеуі ғана бар. Бесіншісіне аяғы ауыр әйелінің. Ал, теледидардан шығу үшін бесінші баланы қайдан алғаны бізге түсініксіз…

Ләззат Сейдақпарова:
– Мен ешқандай шетелге кеткенім жоқ. Енем мен күйеуім беттері бүлк етпестен мені балаларын тастап, шетелге кетіп қалды деп телеарналардан айтты. Астанаға балаларымды алып қайтуға бір емес, екі рет барғанымда да енем, жолдасым, қайынсіңлілерім мен қайным жабылып ұрып, қуып жіберген болатын.

Қалмұрат Сейдақпаров:
– Ауылдағы бұрынғы көрші-қолан, ағайын-туыс бізді көре алмаушылықтан айтып жатқан болса керек. Әйтпесе, мені қайдан біледі, олар менің үйімде не болып жатқанын қалай сезіпті?! Олар сол қатынның айтқанына сеніп, жалған сөйлеп отыр. Оның барлығы бекер…

Артық болмас білгенің….
ОҚО-да 2011 жылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көрсету бойынша 7 468 қылмысты іс тіркелген.
Оның 1777-сі тұрмыстағы ұрыс-керістен туындаған.
1964 қылмыс қоғамдық орында туындаса, 107 қылмыс әйелін қызғанудан орын алған.
Күйеуінен таяқ жеген әйелдердің 1633-і білімі жоқ, жұмыс істемейтін, үй шаруасындағылар.
Қоғамнан теперіш көрген әйелдердің 292-сі жалданып жұмыс істейтіндер екен.
Зорлық-зомбылық көргендердің 176-сы студент қыз-келіншектер.

Толық нұсқасын «Оңтүстік Рабат» газетінің 8-нөмірінен оқи аласыздар.