Шымкент полицейлері таксистке шабуыл жасау оқиғасын әшкереледі

298
фото s57.radikal.ru сайтынан алынды

Шымкент полицейлері таксистке шабуыл жасау оқиғасын әшкереледі. Мұны ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.

ІІБ Әл-Фараби полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне қаламыздағы таксопарктерінің бір таксиі, «Нексия» автокөлігінің ұрланғандығы жөнінде айтып хабарласқан.

Аталған автокөлікті бақылау арқылы Шымкент қаласының бұрын сотталмаған 1990 мен 1994 жылы туған екі азаматы құрықталды. Темір тұлпардың жүксалғышында қол-аяғы байланған такси жүргізушісі жатқан. Полиция қызметкерлері анықтағандай, таксист қалалық дәмханалардың біріне шақыртумен келеді. Көлікке екі бейтаныс жігіт отырып, қаланың сырт жағына апарып тастауын өтінеді.

Алайда, иесіз карьерге жетіп алғаннан кейін күдіктілер күш көрсету арқылы таксистке шабуыл жасап, оның қол-аяғын байлап, ұялы телефонын тартып алған. Онан кейін, жүксалғышқа қамап тастаған. Бірақ ер азамат «дабыл батырмасын» басып үлгеріпті. Нәтижесінде күдіктілер қылмыс үстінде қолға түсті.

Ұсталған жігіттер толығымен кінәларын мойындап, автокөлікті сатып жіберу арқылы ақша жасағысы келгендерін айтты. Заттай айғақ ретінде «Нексия» автокөлігі мен ұялы телефон алынған.

Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.