Жүру уақытынан кешіккен қоғамдық көліктерге шара көрілетін болады

268

Бұдан былай жүру уақытынан кешіккен немесе бағыт кестесін бұзған қоғамдық көліктерге шара көрілетін болады. Ал олардың қозғалысы енді автобустарда орнатылған автоматтандырылған жүйе арқылы ұдайы бақылауға алынған. Мамандар мұның қоғамдық көлік қозғалысын реттеуге, оларды үнемі бақылап отыруға септігін тигізеді деп отыр.

Бүгінде қала ішінде қатынайтын 4 бағыттағы 81 автобусқа автоматты бақылау құрылғылары орнатылып, тестілеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ осы қондырғы арқылы анықталған кемшіліктер бойынша тиісті көлік компанияларына да шара көрілетін болады.

Автоматты бақылау құрылғысынан алынған барлық мәлімет қалалық әкімдік ғимаратында орналасқан диспетчерлік бақылау орталығына келіп түседі. Яғни, автобустар қозғалысындағы қандай да бір кемшілік немесе ақаулар туындай қалған жағдайда ғаламтор арқылы диспетчерлер тез арада көлік компаниясына хабарлайды.

Акоп Манукян, «Ордабасы» ЖШС-нің колонна бастығы: «Кешегі күн суықта маған аялдамада тұрған жолаушылар ұялы телефон арқылы бізге қарайтын 82 бағыттағы автобустардың тым кешігіп жатқанын айтты. Ал мен ол кезде қай автобустың қай тұста жүргенін біле алмадым. Енді автоматты бақылау құрылғысы арқылы біз бағыттағы кез-келген көліктің қай жерде келе жатқанын біліп отыратын боламыз. Бұл құрылғының тиімді жағы осы».

Бүгінде 440 дана борттық жинақ құрылғылары мен 3 дана стационарлы компьютер және басқа да қондырғылар алынған. Сондай-ақ 500 автобусқа кабельді желілер, арнайы бекіту құрылғылары орнатылыпты. Осы жұмыстарды іске асыруға 22 миллион теңге бөлінген.

Аталған құрылғылардың көмегімен спутник арқылы тапсырыс берушінің компьютеріне көліктер қай көшелермен, қандай жылдамдықпен, бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатқан-жатпағандығы туралы мәліметтер келіп түседі. Тіпті келешекте қозғалысты телефон арқылы да біліп отыруға мүмкіндік туады.