Аналар қай кезде де құрметке лайық

Аналарға сый-құрмет жасалды

Әрқашанда шаңырақтың берекесін кіргізіп, жылулығы мен мейірімі тасып, мейірімділіктің белгісіндей ардақты аналарымыз қай кезде де құрметке лайық. Көктемнің шуақты күнімен жарыса келген 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне орай ардақты аналарымызға құрмет көрсетілді.

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Әшірбеков Бақытжан Айдарханұлы бастаған ұжым 126 анаға сый жасап,  ақ тілектерін арнады. Олардың ішінде ардагерлер кеңесінің мүшелері мен көп балалы аналар, мекеме-ұйым басшылары, көше және үй комитетінің төрайымдары мен қала мәслихат депуттары бар.

«Қазақстанның барлық аналарын мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әрқашанда мерейлеріңіз үстем болып, көңілдеріңізге қаяу түспесін! Ананың мейірімі мен шапағаты одан әрі ізгі бола берсін. Бұл күн барлық ер-азаматтың бар жақсылық, ізгі-ықыласын, ниетін  арнайтын күн. Айта кету керек, әйелдер қауымы тек мереке күні ғана емес, әрқашанда құрметтеуге, қадірлеуге лайықты», – деді өз сөзінде Еңбекші ауданының әкімі  Бақытжан Әшірбеков.

Ал мәдени іс-шараны өткізуді өнер ордасы саналған Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназия ұжымы қолға алыпты. Талантты, өнерлі оқушылар кеш соңында аналардың құрметіне ән арнап, жыр шумақтарын шашты.