Úı ANONS Түркістанда көктемгі дала жұмысы пысықталды

Түркістанда көктемгі дала жұмысы пысықталды

Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары тағы бір рет пысықталды. Ресми мәліметке қарағанда, биыл егістік көлемі 8 мың гектарға артқан. Қазір аймақта қажетті жеңілдіктер диқандарға беріліп жатыр.

Биыл Түркістан облысында егіс көлемі 8 мың гектарға артып, 919 мың гектарға жетеді. Оның 536 мың гектарына жаздық дақылдар, 208 мың гектары күздік егіс, 175 мың гектарына ескі жоңышқа егіледі. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен мәжілісте айтылып, көктемгі дала жұмыстарының барысы талқыланды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының сөзінше, көктемгі егіске дайындық пысықталған. Мысалы, қазірдің өзінде диқандарға жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінген. Дизель отынының бағасы белгіленген. Одан бөлек минералды тыңайтқыштар да алынған. Жеңілдетілген несие, қажетті техника, тұқым  да бар. Дегенмен облыс әкімі Нұралхан Көшеров арқаны кеңге салуға болмайтынын айтты.

Аймақ диқандары өткен жылы су тапшылығын көрген. Ресми мәліметке қарағанда, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын сумен қамтамасыз ету үшін 3,8 млрд текше метр лимит бекітілген.  Облыста 42 су қоймасы бар. Суару маусымына дейін онда қажетті су жиналады деп күтілуде.

Дилара Иса