Депутаттар ден қойған мәселелер

  • Сессия

 Өткен аптада бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихатының екінші сессиясы болып өтті. Күн тәртібіне енгізілген 10 мәселенің маңыздыларына тоқталып өтсек. Өңірдің 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасындағы ауыл-аумақтарының дамуы және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі шараларды жүзеге асыру мәселесі тұрақты комиссияларда жітіталқыланғандықтан, депутаттар баяндамашы облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановқа өз ұсыныстарын жеткізді. Олардың бірі – жайылымдардың тапшылығы.

 Берік Оспанов:»Ия, күрделі мәселе екенімен біз де келісеміз. Кезінде жер азаматтарға 49 жылға жалға берілген. Соңғы 3 жылда пайдаланылмай келе жатқан бос жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуда. Қазіргі таңда 300 мың га жуық жер алқабы қайтарылды. Онда жайылым жерлер де бар. Ал ауыл аймағындағы жерлерге қатысты жергілікті әкімдік басшылары тұрғылықты халықпен кездесіп, жағдайды түсіндірулері керек. Егер де жерді игеруге ауыл ағайындарының мүмкіндіктері жоқ болса, онда келісім негізінде ол жерлер де қайтарылуы тиіс. Бұл көтерілген мәселені шешу өңірлік бағдарламада басым бағытардың бірі болмақ.»

Шардара ауданынан /№50 окург/ сайланған депутат Аманолла Раманқұл Қызылорда, Жамбыл, ОҚО қамтыған өңіраралық жер инспекциясында 11 адам жұмыс істейтінін, ал аталған үш облыста 11 млн. гектар жер бар екендігін мәлімдеді. Сол жерлердің қайсысы пайдаланылмай жатқанын анықтау, бос жатқан жерлерді мемлекет қорына қайтару бойынша жер иснпекциясы жұмыс жүргізуі керек. Қажет болса, мәселені сот арқылы шешу керек. Мәселен, Шардара ауданында бірқатар суармалы жерлер жеке меншікте. Ол жерлерді қайтару оңайға соқпайды. Бұл мәселелер облыс деңгейінде шешілмейтіні анық. Сондықтан да, «Жер туралы» Заңға өзгеріс енгізу қажет және нақты ұсыныстармен Үкіметке, Парламентке шығу керек дейді депутат.

Ауылшаруашылығына бөлінген қаржыға тоқталсақ. Облыстағы 240 қолдан ұрықтандыру бекеттерінің құрылысын жүргізуге қажетті құжаттарды әзірлеуге 29,6 млн. теңге бөлінді. 1,5 млн. теңге облыстағы ауыл шаруашылығық жануарларын түгендеу жөніндегі мәліметтерді енгізетін «ЭДО» серверлік базасын сатып алуға қарастырылды. Инновациялық тәсілдерді дамытып, оларды енгізу мақсатында Төлеби ауданындағы 1-ші Мамыр және Түлкібас ауданындағы Жабағлы ауылдық округтеріндегі жергілікті малды мамандырылған сүтті-етті тұқымымен будандастыру арқылы асыл тұқымды мал басын өсіріп, дамытуға 6,0 млн. теңге бөлінді.

Сессияда «Нұрлы көш» бағдарламасына қатысушылардың ОҚО көшуіне және жәрдемдесудің 2009-2011 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы жайында жасалған баяндамаға қатысты сын айтылды. Нақтырақ айтсақ, баяндамашы, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков «Асар» шағынауданына бөлінген қаржының игерілуі бойынша депутатардың сұрақтарына толық жауап бере алмады. Облыс бюджетіне келсек. 2012 жылға арналған облыс бюджетінің көлемі жылдың басындағы пайда болған бюджеттің бос қалдықтарын және аудан, қала бюджеттерінен түсетін өткен жылғы толығымен игерілмеген нысаналы трансферттерді қайтару есебінен жалпы 1 млрд 181 млн теңге ұлғайды. Сөйтіп , облыстық бюджеттің көлемі 2012 жылға -347 млрд. теңгені құрайды.

Ал енді шығыстарға келсек. Шымкент қаласында жаңа әкімшілік- іскерлік орталықтың құрылысын жүргізу үшін жер учаскелерін алуға- 1 млрд. 833 млн. теңге, ғимараттың құрылысының өзіне 150 млн және де 1200 орынды мектеп пен 320 орынды балабақша құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасына 14,5 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ, Бадам өзенін және әкімшілік- іскерлік орталығын абаттандыру үшін жобалау- сметалық құжаттамаларын әзірлеуге тиісінше 10,0 млн және 15,0 млн. теңге қарастырылды. Ақпан айындағы қардың еруі, салдарынан су мөлшері артып, елдімекендерге қауіп төндіріп тұрғаны ескеріліп, облыстағы төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 252,2 млн теңге бөлінді.

Депутаттар облыс көлемінде жеке меншікке берілген жер телімдері төлемақыларының базалық ставкаларын да белгіледі. Жердің бір шаршы метрі 1 мың 275 теңге. Бұл баға ауылдарда қаладағыдан төмен болуы керек деген ұсыныс айтылды. Облыстық жер қатынастары басқармасындағылар мұнымен толық келісетіндіктерін жеткізді. Облыстық мәслихаттың кезекті үшінші сессиясына төраға болып, депутат Әбілқасым Досболов сайланды.

 Шынар ОРАЗОВА.

Сіз не дейсіз?

 Ербол Садыр, облыстық экономикалық және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы :

2012 жылға арналған облыстық бюджеттің көлемі 347 млрд. теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 37 млрд. теңгеге артық. Былтыр қаражттың игерілуі 99 пайызды құрады. Бұл өкілетті және атқару органдарының үйлесімді жүйелі жұмысының арқасында мүмкін болды. Елбасы халыққа жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 10 бағыт айқындап берген болатын. Сол тапсырмаларды орындау бойынша жоспарлы жұмыс атқарамыз.

Үмбет ЖҮСІПБАЕВ, облыстық мәслихат депутаты:

 ОҚО су нысандарын тиімді пайдалану және қорғау жөніндегі 2009-2011 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасына қатысты айтарым бар. Кеңес одағы кезеңінде Түркістан ауданында 500-ге тарта ұңғыма қазылған еді. Қазіргі таңда олардың 100-і ғана жұмыс істеп тұр. Қызылорда бағытындағы жолда орналасқан Сауран, Жібек Жолы, Шорнақ, Майдантал ауылдарында су жоқ. Осы 4 елді мекендерді сумен қамту үшін 107 ұңғыманы іске қосу керек. Осы ұсынысымды ескерсеңіздер.

  • Ауыс-түйіс

Айтаханов кетіп, Тұяқбаев келді

 Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып Сапарбек Құрақбайұлы ТҰЯҚБАЕВ тағайындалды. Ол 1979 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы бойынша халықаралық қатынастар бакалавры, гуманитарлық ғылымдар магистрі.

Еңбек жолын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Мемлекеттік қызметті құқықтық қамтамасыз ету департаментінің мемлекеттік қызмет саласында заңнаманың сақталуын бақылау бөлімінің бас сарапшысы болып бастаған. 2006-2009 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің үшінші хатшысы, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Стратегиялық жоспарлау департаменті ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың қызметін үйлестіру және бақылау бөлімінің бастығы, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің хатшылығы – Стратегиялық жоспарлау және жиынтық талдау департаменті стратегиялық жоспарлау бөлімінің бастығы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.

2009 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы болған.

Ал облыс әкімінің бюджетті жоспарлау, экономика жөніндегі орынбасары қызметін бұған дейін атқарған Ерлан Қуанышұлы Айтаханов ресми ақпараттарға қарағанда басқа жұмысқа ауысуына байланысты, бұл қызметтен босатылған. Ресми емес ақпараттарға сенер болсақ, Айтахановты таяу күндері Астанадан, Президенттік аппарат әкімшілігіндегі жауапты қызметтерден көретін сияқтымыз.

  • Мәссаған!

Шымкентті де су алып жатыр

Ауа райының жылына бастағанынан тұрғындар қайта зардап шегуде. Дүйсенбі күні кешкісін Бадам өзенінің жағалауындағы елдімекендерді су алды.

Биылғы қыстың қарлы, аязды болып келуінен орын алып жатқан өңірдегі су тасқындары облыс орталығын да айналып өтпейтінге ұқсайды. Арық-атыздардың көзі бітелуінен, рұқсат етілмеген аймақтарға, әсіресе канал, арық бойына таяу маңға үй, қора-қопсы салып алған тұрғындар кешеден бері әбіржіп жатыр. Шымкент қаласындағы Бозарық көшесінің тұрғындары амалсыздан жауынды күнге қарамай, арық тазалауға көшті. Су алу жағдайы бұл маңда кешегі аптадағыны қосқанда осымен екінші рет қайталанып отыр. Жергілікті халық қолына күрегін алып, 30-40 сантиметрге көтерілген судың ағынын тоқтатумен әлек.

Өзен аумағындағы Үшқұдық көшесін де су алды. Мұнда тұрғын үйлердің ішіне енген судыңдеңгейі бір метрге дейін көтерілген. Төтенше жағдайлар жөніндегіқызметке де, әл-Фараби аудандық әкімдігіне де хабарласқан тұрғандар ешқандай көмектің болмай отырғанын айтады.

Айта кету керек, өткен аптада аталмыш көшелерді су ала бастағанда арнайы қызмет өкілдері жедел қимылдап, құм салынған қапшықтармен бөгет жасаған-ды.

Кеше түсқайта Қошқарата өзеніндегі су деңгейі де көтерілгенін айтып, тұрғындар хабарласып жатты.

  • …Тобықтай түйін

 Базарлардағы бір жолғы талонның құны қайта қаралады. Шымкент қалалық мәслихатының 2011 жылдың 28-қазанындағы шешімімен әл-Фараби аудандық прокуратурасы бұған келіспейтіндіктерін айтып, наразылық білдірді. Соңғы рет базарлардағы біржолғы талонның құны 2007 жылы көтерілген.

 Соңғы екі аптада Шымкентте қанттың бағасы 140 теңгеден 180 теңгеге қымбаттаған.

Шымкент зообағына құстардың жемі үшін Алматы хайуанаттар бағынан арнайы ұлу, таракан, шегіртке сынды жәндіктер алып келінді.

Үкімет көктемгі егістік жұмыстары үшін қажетті 360 мың тонна жанар-жағармайға квота белгіледі. Оның 32 мың тоннасы Оңтүстік Қазақстан облысы үшін бөлінді.