Шымкентте азық-түлік арзандады

"Қырғы базардағы" нарық

Республикалық БАҚ өкілдері таяуда ғана Шымкенттегі азық-түліктің шарықтап, тіпті, Астанадағы бағамен айырмашылығының жоғын айтқан еді. Бірақ «Қазагромаркетинг» АҚ-ның ОҚО-дағы филиалы мұны жаңсақ пікір деп отыр. Айтуларынша, картоп, пияз, сәбіз секілді көкөніс өнімдерінің бағасы соңғы екі аптада, керісінше, 5 пайызға дейін түскен.

Мұны саудагерлер де растайды. Мәселен, «Қырғы базарда» көкөніс саудалайтын Райхан апай, «-Павлодардың картобын 60 теңгеден, Бурныйдікін 55-тен, қырыққабат пен пияздың келісін 50 теңгеден сатып жатырмыз. Сәбіз, қызылша – 60 теңгеден. Бағалар орташа, халықтың өкпе-реніші жоқ», – дейді.

Ал сөрелерде енді ғана пайда бола бастаған қызанақ, қиярлардың құны сапасы мен балғындығына байланысты. Дәмі тұщымды, әрі пайдалы отандық өнімдерді қымбатырақ сатамыз дейді сатушылар. Ал Қытай асып келген жеміс-жидек һәм цитрустық өнімдер біршама арзандау.

Сонымен салыстырайық. Қырғы базардағы қой етін шымкенттіктер қазір 950-1000 теңгенің көлемінде саудалауда. Астанада оның келісі 1100-ді құрап отыр. Ал сиыр еті бас қалада 1300 теңгеден сатылса, бізде ол 1100-дің айналасында пұлдануда.

Көкөніс пен жеміс-жидектерге келейік. Қызанақтың пен қиярдың Шымкенттегі бағасы 450-500 теңгені көрсетсе, Астанада олар 650 мен 800 теңгенің айналасында. Алма, алмұрт, жүзімді шаһардағылар экранда жазылған бағалармен сатып алып жатса, Елордадағы олардың құны 150-200 теңгеге дейін қымбат екенін байқайсыз.

Ал картоп, пияз бен сәбіздің құнында қос қалада айырмашылық жоқтың қасы. Тіпті төмен көрсеткіш те байқалып қалады. Мұны осы өнімдерге бақылау жүргізуші мамандар ол азық-түліктердің солтүстен тасымалдануына байланысты арзандау болатынымен түсіндіреді.

Нұрлан ЕСІРКЕПОВ, «ҚазАгроМаркетинг» АҚ ОҚОФ-нің бас маркетологі: «Әрине, Астананың өмір сүру деңгейін біздікімен салыстыруға келмейді. Ондағы жалақы мен Шымкенттіктердің айлығы аспан мен жердей. Сондықтан екі арадағы баға айырмашылығы 10-20 пайызға дейін жүреді. Әрі біздің облыс көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанға жақын орналасқандықтан азық-түлік өнімдерінің арзандау болатыны заңды».

Әрине, базардағы нарықтың күнделікті бағасын өзіңіз де көріп жүрсіз, оқырман. Мүмкін, Сіз азық-түлік сатып алып жүрген базар сөрелерінде мұнан жоғары бағада сатылып жатқан шығар бұл өнімдер. Пікір жазып, хат қалдырыңыз, сайтымызға.