Шымкентте конкурмен бойжеткендер шұғылданып жүр

245
Шымкенттің орталық манежінде конкурдан чемпиондарды анықтады

Ұлттық спорт түрлері мектебінде конкурдан облыс біріншілігі өтті. 30-ға жуық спортшы кедергіден секіріп, ел чемпионатына дайындығын сынға салды. Ең қызығы спорттың бұл түрімен көбіне бойжеткендер шұғылданады. Олардың батылдығына ер азаматтардың өздері де таң қалуда. Содан болар халықаралық әйелдер күніне байланысты жарысты да осы конкурдан ұйымдастырды.

«Оқжетпестің» бүгін жолы болды. Ол кедергілерден ешбір қиындықсыз секіріп келеді. Бұған 21 жастағы бойжеткен Кристинаның еңбегі де жоқ емес. Бұрымды спортшы алты ай бойы сәйгүлікті жарысқа дайындап, көкпарға шығып жүрген Оқжетпестен ақылтектілерге тән қасиетті бойынан шығара білген. «Оқжетпесті» бүгінгі жарыста бірден тану қиын. Шекесінде ақ түсті мата, ал жалы соңғы сәнмен өрілген. Гламур дейді Кристина.

 Кристина, конкуршы: «Сымбатты болғаны өзіне де жақсы ғой. Арнайы әшекелер сатып алдым, өзім өріп қойдым. Маған ұнайды».

Ал Людмиланы сәйгүліктің сәнденгені аса қызықтырмайды. Ол өзінің перзентін қолдау үшін келіп, Екатерина Орловская кедергіден секірген сайын жүргеін шүбірекке түйеді.

 Людмила, ата-ана: «Бастапқыда қорқатынмын. Неге спорттың бұл түрін таңдады екен деп таң қалатынмын. Өйткені конкур жарақатқа жақын ғой».

Ғани Ахметбаев, ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры: «Бізде көбіне қыздар конкурмен шұғылданады. Әрине, көп деп айту қиын. Бұдан да аса түссе чемпиондардың қатары артар ма еді. Бұл бойжеткендердің батылдығына ризамын. Алда ел чемпионатына дайынбыз деп айта аламын».

Екі сағаттай кедергіден секірген конкуршылардың арасынан Аяжан Қонақбай, Шерзат Әкімбай, Шыңғыс Малижандар, Ерсеит Камал және Екатерина Орловская жүлделі болды. Кристина да көкпаршы сәйгілігімен топ жара білді, бойжеткен алтын медальға ие болды.