Бүгінгі таңда қазақ елі өз алдына дербестігін алып, рухты, патриот жастарымен шаңырақ көтерген тәуелсіз мемлекет. Енді міне, жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеп, барша адам баласын бейбітшілікке, туралыққа, тыныш өмір сүруге шақыратын хақ дініміз – Ислам жайлы терең түсінік беріп, теріс ағымдарға жетелеуші қаскүнемдерден аулақтататын кез келді. Себебі, күн өткен сайын өкінішке орай, асыл дінімізге қойылмаған ат, жабылмаған жала жоқ.. Дінімізді жеккөрінішті етіп көрсететіндер жер – жерден бой көтере бастады. «Терроризм», «Экстремизм» секілді қатыгез атаулар Исламға қатысты айтылатын болды. Алайда, әлемде болып жатқан террорлық әрекеттерге Исламның титімдей қатысы жоқ.. Ислам діні – жер бетіне бейбітшілік пен тыныштықты орнату үшін жіберілген хақ дін.
Осы орайда жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп, діни сауатын ашу үшін барлық жағдайды жасау керек деп ойлаймын. Сонда қан төгу түгілі, бір–бірінің маңдайынан шертпейтін ұрпақ жетіліп шығады. Балалардың руханиятына қатысты құндылықтар олардың бойына мектеп табалдырығынан бастап сіңірілуі керек. Сонда ғана келешекте мұндай аты жаман індеттерден ұрпағымыз аман болмақ..
Осыған негіздей келе, № 31 В.Терешкова атындағы жалпы орта мектебімізде 2012 жылы ақпанның 9 жұлдызында дінімізді дұрыс түсініп, ілімімізді арттыру мақсатында «Өзге дінге өткендер елге тұлға бола ма?» атты дебат сабағы өтті. Дебат Шымкент қаласындағы «Біләл» мешітінің бас имамы Әсембай Талғат Шәйділлаұлы мырзаның және жоғары сынып оқушыларының қатысуымен өткен болатын. Дебат соңында имам жас ұрпаққа тағылымы мол Пайғамбарымыздың(с.а.с) өнегелі өмірі мен Ислам діні жайында мағлұмат беріп өтті. Оқушылар имамға дінге қатысты көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алынды.
Сөз соңында айтарым, қаралмаған ағаш қисық өсетіні секілді дұрыс тәлім алмаған ұрпақ қоғамды улайды. Ал діни тәрбиеде берілген дұрыс білім бір күні өз нәтижесін бермек. Осы секілді іс шаралар өзге оқу орындарында да жалғасын тауып, кең көлемде қолға алынғаны абзал. Алла тағала әлемде болып жатқан түрлі жаман оқиғалардың бетін тәуелсіз Қазақстаннан аулақ етсін.