Ілияс Жансүгіров оқуларының облыстық байқауы өтті

Қатысушылар өлеңдерін Ақан серінің бейнесінде оқыды

Қаламыздағы №80 жалпы орта мектепте оқушылар арасында І. Жансүгіров оқуларының облыстық байқауы өтті. «Халық жауы» деген айыппен атылған қазақ зиялысының шығармашылығын дәріптеуге арналған сайыс өткізу бүгінде дәстүрге айнлған. Облысымыздағы он алты аудан орталығындағы байқаудан іріктеуден өткен он бес қатысушы бірнеше кезеңнен тұратын сыннан өтті.

Алғашқы бөлімде оқушылар Ілияс Жансүгіровтың кез келген шығармасын ауызша және жазбаша талдаса, екінші бөлімде өзінің авторлық өлеңін оқып берді. Келесі кезеңде ақынның поэзиясынан, поэмаларынан үзінді жатқа айтып берілді. Соңғы шарт оның прозасының, романдарының, әңшімелерінің үзіндісін мәнерлеп оқу болды.

Ал Түркістан қаласындағы №12 Қ. Сәтбаев атындағы жалпы орта мектептің 10-сынып оқушысы Ақтолқын Өтепберген «Құлагер» поэмасынан Құлагердің мертігіп, жығылған сәтіндегі Ақан серінің зарлап, жылаған тұсын оқып берді. Атақты шағарманы ойдағыдай орындап шығу қазылар алқасына ой салмай қоймас деп ойлайды ол.

«Мен Ілияс оқуларына алтыншы жыл оқушыларымды дайындап, қатысып отырмын. Жеңеді деген үкілі үмітім зор. Өйткені жырдың Құлагері, поэзияның Гималайы «Құлагер» поэмасы кез келген тыңдарманды бей-жай қалдырмайды. Сондықтан оқушыма сәттілік тілеймін!»,- деді Ақтолқынның ұстазы, қазақ тілі және әдебиеті пәніннің оқытушысы Малика Әміреева. 

Сонымен қоса әрбір оқушының шығармашылық папкалары ескеріледі. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен облыстық байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орынды Шымкент қаласының №47 мектептің оқушысы иеленді.