Кентауға жаңа әкім тағайындалды

294
Кентау қаласы

Кенді қалаға жаңа әкім тағайындалды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Бақытбек Шорабайұлы Байсалов бүгіннен бастап Кентау қаласының әкімі болды.

Ол 1967 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша тау-кен инженері. Бұл қызметке дейін Бақытбек Шорабайұлы Кентау қалалық мәслихаты, тексеру комиссиясының төрағасы, «РИЦ Максимум» ЖШС-гі департамент директоры қызметін атқарған.

Б.Байсалов Кентау қаласының тумасы. Яғни, туған қаласының жағдайымен етене таныс. Бұған дейін де, кентаулықтар облыс әкімінен жергілікті жерден әкім тағайындауды сұранып жүрген. Ұсынысқа құлақ түрді ме, әлде іскерлігімен көзге түсті ме, Бақыт Байсалов әкім болып тағайындалды. Кентау қаласының тұрғындары үшін, қуаныш сыйлай келген жаңа әкім түрлі жаңа бастамалардың ұйытқысы болады деген ниеттеміз.

Нұрсұлу Ахметова, Кентау қаласының тұрғыны: «Жергілікті жердің өзекті мәселелерімен жіті таныс жерлесіміздің әкім болып келгеніне қуаныштымын. Бұрыңғы әкімдерді жаман дей алмаймын, оларда іскер еді. Енді жерлесімізден жақсы жаңалықтар күтеміз. Кентау жасарып, жаңарып, еңсесін көтереді деп ойлаймын».