«Нұр Отанда» ашық есік күні өтті

309

«Ашық есік күні» аясында «НұрОтан» ХДП Шымкент қалалық филиалы Нұрсәт шағынауданындағы өз ғимаратында  қоғамдық қабылдау өткізді. Шағымданғандардың басым бөлігі қоғам мәселесін көтергендер болды. Мысалы, Шағынақ көшесінің тұрғындары үйлеріне өтетін жалғыз жолда жеке азаматтың коммерциялық нысандар салып жатқанын айтып арыздануда. Олар жергілікті жерлерде заңның орындалуын қадағалайтын жан қалмады деп ашынады.

Нұрсәт шағынауданындағы №92 үйдің тұрғыны болса, шатырдан аққан су бесінші қабаттағы пәтерлерге ғана емес жаңа үйге зақым келтіруде деп дабыл қағуда. НұрОтандықтар немқұрайлы құрылысшыларды жауапқа тартуға дайын екенін жеткізді.

Өмірзақ Мелдеханов, «Нұр Отан» ХДП Шымкент қалалық филиалының төрағасы: «Ол құрылысшылар басқа да жерде жұмыс істеп жатыр ғой. Оларды табу керек. Осында аудан әкімдері отыр. Мәселенің мән жайын анықтаңыздар».

Салыхан Полатов, қала әкімінің орынбасары: «Осында Әл Фараби ауданының әкімі Нұрбақыт Иманқұлов отыр. Ол да осы Нұрсәтте тұрады. Арызыңызбен  басшыға барыңыз».

Кеңес берді, бірақ қадағалауға алмады. Бұл жолы да айтылған сөз сол жерде қалатын сыңайлы деп өз пікірлерін білдіргендер де болды.

Ал Тагир Ибраев болса Жеңіс саябағында жүргізілген қайта қалпына келтіру құрылысы барысында  коммерциялық нысаны тұрған орынды мемлекет меншігіне бергенін айтады. Билік оның орнына Нұрсәтте жер телімін береміз деп уәде де берген. Алайда, ол уәдені кәсіпкердің күткеніне бір жарым жыл болыпты. «Қала әкімі, облыс басшысына да бардым. Мардымды жауап ала алмадым. Енді, соңғы үмітім  еліміздегі басшы партия-«Нұр Отанда»,-дейді ол.