Шекілдеуік шағамын деп 1 тәулікке қамалды

224

Енді Шымкентте де шекілдеуік шаққаныңыз үшін әкімшілік жазаға тартыласыз. Полицейлер қаланың тазалығын бұзушыларды жүгендеуге шындап кірісті. Бүгінге дейін бұл жазаға тартылған азамат та бар. Ол Әл-Фараби ауданының тұрғыны болып шықты. Ол қоғамдық орында шекілдеуік шағып тұрғаны үшін ұсталған. Жас жігіт сот шешімімен 1 тәулікке қамалды.

Шекілдеуік шаққан 20 жасар жігітке әкімшілік айып тағылды. Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары көпқабатты тұрғын үй аулаларын қоқсытуға еті үйренгендерді жазалады. Қолға түскендерге бұл үлкен сабақ болары сөзсіз.

Ермахан Жайсанбаев, учаскелік инспектор: «Аула аралап, қадағалап жүргенімізде 1992 жылы туылған жас жігіт ұсталды. Оған әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 330-бабы бойынша протокол құрылды. Іс сотқа беріліп, ол 1 тәулікке қамалды».

Айналасындағыларға әдепсіздік жасағандарға әкімшілік кодекстің 330-шы бабы бойынша бұзақылық деп айып тағылады. Шекілдеуік шағып, ауланы қоқсытқан жас жігіт қанша ақталмақ болғанымен, жазадан құтыла алған жоқ. Бақандай 24 сағат қамауда отыруына тура келді.

Ұсталған: «Менің қоғамдық орында шекілдеуік шақаным рас. Бірақ, бұл үшін жазаға тартыламын деп ойламаппын».

Тәртіп сақшылары шекілдеуік шағып, қоқыс тастауға шіміркпейтіндерге қарсы күресті тоқтатпаймыз деп отыр. Тек бұл бастама науқандық болып жүрмесе.