Дендросаябақ сусыз қалды. 20-наурыздан бастап шөліркеген саябаққа 20-сәуірде су беріледі деген уәж расында орындалмақ па?
Дендросаябақта су жоқ. Қаламызды жасылдандыратын көшеттер шөліркеп, жасанды жолмен тартылған тамшылатып суғаруға көшкен. 20-наурыздан бері тіршілік көзінің шарапатын көрмеген саябаққа бүгінде қызылды-жасылды гүлдер де отырғызылып, оларға белгіленген өлшем бойынша су беріледі. Күн сайын көркейуге бағытталған демалыс орны ауызсу тапшылығын тартуда.
Саябақтың сәнін кіргізетін су бұрқақтар да толастады. Сусыз қаңыраған қалыптары күнге қақталуда. Күннің күрт ысуына байланысты көл деңгейі төмендеп, қордағы су болып саналатын көлдің де пайдасы болмай тұр. Саябақтың сын көтермей тұрған кейпін, басшылық жөндеу жұмыстармен байланыстырды.
Көпшілікке көтеріңкі көңіл сыйлайтын демалыс орнының 1 ай көлемінде сусыз қалуы — жасыл желектерге зиянын тигізді. Десе де өңірдегі су қоймалардың жыл сайын жөндеуден өтуі маңызды. Алдағы бейсенбі күні денросаябаққа сұраулы суы беріледі деп күтілуде.