Облысымыздағы жалғыз Кеңес одағы батырының мерейтойы Жетісайда өтеді

Тоғанбай Қауымбаев, Кеңес Одағының батыры
Тоғанбай Қауымбаев, Кеңес Одағының батыры

ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов облысымыздағы жалғыз Кеңес Одағының батыры Тоғанбай Қауымбаевты Ұлы Жеңістің 67 жылдығымен құттықтап, үйіне барды. Биыл 90 жасты алқымдаған қартқа шапан жауып, қаржылай сый ұсынды. Бұл күні батыр атамыздың өмірлік жұбайы Шәрбану Қауымбаева да лайықты ықыластан кенде қалған жоқ. Еске салған жөн, қос қария бұл күні 10 немере, 18 шөбере сүйіп отырған бақытты әулет.

Жиырма жасында алтын жұлдыз таққан қазақ жауынгерін алдыңғы шептен алып, штабқа жіберген. Қаһарман атаның айтуынша, соғыс жылдары атағы дүркіреп тұрған Сабыр Рақымовтың адъютанты болып тағайындалған екен. Білікті заңгер, әрі жазушы Нығмет Төлендиев осы Тоғанбай Қауымбаев пен Сабыр Рақымов туралы «Екі жұлдыз» атты деректі шығарма жазып, кітап етіп шығарған. Бұл кітапта генерал мен оның жас адъютантының арасындағы туыс-бауырға лайықты жарасымды қарым-қатынастары суреттелген.

Биыл 90 жасқа толып отырған батырдың туған күні бүгін, яғни 9- мамыр күні өзі туып өскен жері Мақтаралда өтетін болады. Бүгінде 85-ке келген өмірлік жұбайы Шәрбану апа екеуіне жүз жасаңыздар дегіміз келеді. Қазыналы қос қарт бұл ретте жергілікті әкімдікке де разы екенін айтып отыр.