ҰОС ардагерлеріне коммуналдық қызметтер тегін көрсетіледі

284

Шымкентте ҰОС-на қатысқан 323 ардагер және 6 мың тыл еңбеккері ғұмыр кешуде. Ал соғыстан оралмаған боздақтардың жесірлерінің қатары небәрі 17. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында қала әкімі Қайрат Молдасейітов уақыт өткен сайын қатары сиреп бара жатқан ардагерлерді Ұлы мерекемен құттықтап, бейбіт күнді жақындатқандарға құрмет көрсетті.

Тәжібек Қарашаев ҰОС ардагері, «Құрмет» орденінің иегері. 1943 жылы майданға аттанған оңтүстікқазақстандық азамат қан майданның алдыңғы шебінде болды. Шекара асып, Будапешт, Вена қалаларын фашистерден құтқару шайқасына қатысқан ол бүгінгі ұрпақ өткенін ұмытпай, бейбіт күнде өмір сүрсе екен деп тілейді.

Тәжібек Қарашаев, Ұлы Отан соғысының ардагері: «Мен 1943 жылы соғысқа аттандым. Львов қаласынан бастап, Будапешт, Вена қалаларында шайқастық. Ендігі жерде жастарға айтарымыз, жақсы күнде өмір сүрсін. Қиыншылық, жоқшылық, соғыс деген болмасын. Бейбіт күннің қадірін білу керек».

Бүгінде Шымқалада 6 мыңдай тыл ардагері бар. Балалық шағының аспанын сұм соғыстың салқыны шарпыған Жұмабек Әзікенов сұрапыл жылдарды көңілі құлазып еске алады.

Жұмабек Әзікенов, тыл ардагері: «Біз ол кезде бала едік. Бәрі де жеңіс үшін деп ұрандатып, тайлы-таяғымызбен қалмай, тылда тынымсыз еңбек еттік. Ет комбинатында күндіз жұмыс жасап, түнде қарауыл болдық. Көп қиындық өтті ғой мына бастан».

Шымкентте Отан үшін от кешкендердің қатары небәрі 323. Сын майданда шыныққан шын батырлардан қамқорлықты аянбаймыз дейді қала әкімі Қайрат Құсайынұлы.

Қайрат Молдасейітов, Шымкент қаласының әкімі:»Бұрын да қала әкімдігі ардагерлерге тұрақты көңіл бөліп, жұмыс жасап келген. Қазір де біз осы жұмыстарды жаңғыртудамыз. Коммуналдық қызметтерді, яғни, ҰОС ардагерлері үшін жылу, су сияқты игіліктер тегін болу үшін бюджеттен қаржы бөлудеміз. Мен барлық ардагерлерді Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ең алдымен денсаулық, амандық тілеймін. Қазыналы қарттарымыз аман болсын».

Қала әкімдігі ҰОС ардагерлеріне барлық коммуналды қызметтер тегін көрсетіледі деп отыр. Ал бүгін мереке қарсаңында әрқайсысына 10 мың теңгеден қаржылай сыйлық берілді.