Шымкенттің бас жоспары бекітілді

216

Бүгін облыс әкімдігінің мәжіліс залында бесінші шақырылған облыстық мәслихатының төртінші сессиясы  өтті. Сессияның қарауына  23 мәселе ұсынылған болатын.

Алғашқы мәселе «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының орындалу барысы еді. Тұрақты комиссияларда депутаттар оны жіті талқылаудан өткізген болатын. Сондықтан атқарылған жұмыстарға депутаттар оң бағасын берді.

Ал тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі ОҚ облыстық комиссиясын құру және бекіту туралы баяндама жасаған мәдениет басқармасының бастығына депутаттар тарапынан мәдениет ошағын сатып алуда қаржыны тиімді пайдалану қажеттігі жөнінде ескерту айтылды.

Рәшкүл Оспаналиева, облыстық мәслихаттың депутаты: «Тексеру комиссиясының  анықтамасында-Шымкент қаласындағы әзіл-сыұқақ театры орналасқан ғимараттың  құны 70 млн. теңге деп  көрсетілген. Енді күрделі жөндеуге тағы қаржы сұрап жатырсыздар. Апатты болса, неге сатып аласыздар, неліктен сараптау жүргізілмеген».

Күлия Айдарбекова, облыстық мәдениет басқармасының бастығы : «Ия, мәдениет басқармасы ғимаратты 70 млн. теңгеге сатып алды. Ол банктің кепілдігінде тұрған ғимарат. Күрделі жөндеу болғанда, қосымша бөлмелерді салуға қажетті қаржы сұрап отырмыз. Ол нысанды  апатты деп айта алмаймын».

Сессияның қарауына ұсынылған 23 мәселенің өзектілерінің бірі облыс әкімдігінің және тексеру комиссиясының бюджеттің 2011 жылғы атқарылуы бойынша мәліметтері болды. Облыс әкімі тұрақты комиссияларда айтылған ескертулер мен ұсыныстар ескерілетінін жеткізді.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «2009 жылы  игерілмеген қаржының көлемі 3,2 млрд.  құраған. Ал 2011 жылы бұл көрсеткіш 99,6 пайызға жеткен. Облыс бюджетінің көлемі 90 млрд.-қа дейін өсіп отыр».

Сондай-ақ жиында Шымкент қаласының Бас жоспары, Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал мен Шардара аудандарының әкімшілік шекараларын өзгерту бойынша шешімдер бекітілді.  Шымкент қаласының аумағы  Шина зауыты аумағы төңірегіндегі 2,5 гектар жер алқабымен толықпақ. Келешекте мұнда шағынаудандар салу көзделуде.