Оқу жылын үлкен жетістікпен аяқтағалы отырған Шымкент қалалық білім бөлімі бүгін дарынды оқушыларын марапаттады. «Интеллект, дарындылық, талант-заманауи қоғамының басты стратегиялық ресурсы» тақырыбында өткен дарынды балалар форумында облыстық әділет департаменті демеушілік-қолдау көрсетіп, 50 оқушыға бағалы сыйлық тапсырды.
Ақмырза Ермекәлі. Ең жас дарынды оқушы қаламыздағы №80 мектептің 2-сыныбында оқиды. Жастайынан білімге құштар ол бірнеше республикалық білім додаларының жеңімпазы. Ол болашақта халыққа пайдасы тиетін басшы болғысы келеді. Сол үшін де сабағын жақсы оқып, өмірін біліммен ұштастырып, биікке ұмтылуда.
«Кейбір нашар оқитын құрдастарыма»білімсіз күнің жоқ» дегенді айтқым келеді. Олар менің жеткен жетістігіме қызыға қарайды. Апайым Жәудір Жалғасоваға көп рахмет,»-деген дарынды жастың алғырлығы жиналған көпшілікті тәнті етті.
Форумға жиналған Халықаралық және республикалық байқауларда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар танылған дарынды оқушылар арнайы көрме ұйымдастырып, ұстаздарының мерейін үстем етті. Қолөнер жаймасынан шеберліктері байқалса, білім бәйгесіндегі жетістіктері ұзтаз еңбегін ерекше айқындап тұр. Мұны қала әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов те мойындайды.
Бахадыр Нарымбетов,қала әкімінің орынбасары: «Сен дарындысың деп бөліп қарауға болмайды. Біздегі оқушылардың барлығы талантты, талапты. Оқушының бойындағы дарынын аша біліп, додалар да сынап көретін ұстаздар еңбегіне бас иемін. Тынымсыз еңбектің арқасында жеңіске қол жеткізіп, Шымкенттің атын халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда қорғап жүрген жастарға тек жақсылық тілеймін. Алған беттерінен қайтпай, бұдан да биік белестерді бағындыра бергей».
Дарынды балаларға қолдауды облыстық әділет департаменті көрсетті. Олар жастайынан ғылым мен өнерді серік еткен балаларға қарап, еліміздің ертеңі жарқын екеніне сенімді.
Марат Махамбетов, облыстық әділет департаменті бастығының орынбасары: «Біз дарынды балаларды қолдаймыз. Еліміздің ертеңгі тізігінін ұстайтын жастардың білімді болғаны қуантады. Қашанда халықпен тығыз жұмыс жасайтын біздер үшін, бұл мақтаныш. Бұл игі бастаманы дәстүрге айналдырамыз деген ойдамын. Талапты оқушылардың талабына нұр жаусын».
Бүгіннен бастап, білімді жас, есті ұрпақ болып бой түзеген шымкенттік дарындыларды форум соңында салтанатты түрде марапаттап, бағалы сыйлықтар тапсырды.