Заңсыз жарнама ілгендерге ешкім айыппұл сала алмайды

Баннерлер мен билбордтар

Шымкенттің көшелерінде 100-ге жуық жарнама билбордтары мен баннерлері заңсыз ілінген. Ал заңды қойылған жарнама тақтайшаларының бірқатары эстетика талаптарына сай емес. Бұл қалалық әкімдіктің анықтаған ақпараты.

4-мамырдан бастап қала әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Баһадүр Нарымбетов жетекшілік еткен топ арнайы рейд жұмыстарын бастады. Қала әкімі орынбасарының сөзінше, бұл жұмыстар шаһар көлемінде аптасына бір рет міндетті түрде өткізіліп тұратын болады. Әкімдіктегілер бұл шараны тәртіпті бұзушылар тиісті талапқа бағынбайынша жалғаса беретінін айтты. Сөйтіп, олар осы күні Шымкенттегі 446 билбордты қаладағы 20 жарнама агенттігінің өкілдерімен бірге аралап көріп, ескерту жасады.

Қиыны сол, жарнама қожайындарына бұл күні ескерту жасалғанымен, тапсырманы орындамаған кәсіпкерлерге қаржылай айыппұлды ешкім сала алмады. Өйткені, Ата Заңда бұл мәселенің басы әлі күнге ашылмаған. Жарнама тақтайшалары жөніндегі жанжалды қазір қалалық әкімдік пен облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы және прокуратура өкілдері бір-біріне сілтеп әуре.

Осылайша, Шымкенттің жаңа әкімі Қайрат Молдасейітов Шымшаһарды басқарудағы қызметінің бисмилләсін көше сәнінен бастады.