ҰБТ-ның алтыншы күні белдемшені тексергендер расталды

272
Қыздар тексеруге наразы

Мектеп түлектерінің білімін саралайтын ҰБТ сынағының басталғанына 6-шы күн өтті. Маусымның бірінен бастау алған науқан облысымызда 9-маусым күні аяқталады. Бүгін шымкенттің алты мектебін бітіруші түлектер ОҚ медициналық академиясының ғимаратындағы сынақ бөлімшесінде тест тапсырды.

Таңмен таласа сапқа тұрған түлектер ұзын сонар кезекте сағаттап тұрғанын айтып шулап қоя берді. Сағат 9-да олар әлі сыртта тұрды.

Ата-ана: «Сағат жетіден келгенбіз, міне тоғыз жарым болды. Күннің астында кезек күтіп тұру да оңай емес. Асықпай тексеріп жатыр. Балалар онсыз да шаршап, күйзеліске түсіп тұр. Тез-тез қимылдаса болады ғой».

ҰБТ-ның төңірегіндегі күрделіліктер талапкерлердің тестке кірер сәтінде-ақ басталады. Әсіресе, артық телефон, жауап қағаздарын тексеру кезіндегі ыңғайсыздықтар бүгін де орын алды. Күні кеше білім және ғылым министрі бұл бір жерде ғана болған мәселе және оны шешеміз дегенімен, бүгінгі сынақта бітіруші түлектер тінтудің тоқтамағанын айтып шықты.

Жұмакүл, бітіруші түлек: «Маған юбкаңды шеш дейді. Өзіңіз ойлаңыз, жұрттың көзінше қалай шешем. Шешпедім. Қыз баласын солай тексеру қай заңға сай келеді».

Альбина Елшиева, Облыстық білім басқармасының  бастығы: «Биыл қатаң ереже болып жатыр. Кіре-берісте балалардың денесін, киімін темір іздегішпен іздеуге мәжбүрміз. Ал қыздардың юбкасын көтеріп қарауға тура келді. Темір іздегіш сигнал беріп тұр, олар өз еріктерімен бере қойған жоқ, ұялы телефондарын. Сол себепті көтеріп қараған кездер болды».

Алайда, жастардың тірлігі де жаға ұстатады. Қалалық мектеп оқушыларының ептілігі мен өнертапқыштығына әбден машықтанған контрабандашылар да ілесе алмайтын түрі бар. Академия ғимаратының жанындағы терезені торуылдаған ата-аналардың қылығы шектен шықты. Мемлекеттік Сынақтың қалай өтіп жатқанынан көпшілікті хабардар етуге атсалысуға барған түсіру тобына қоқан-лоққы көрсеткендер де аз болмады.

Аудиториядан гөрі, сырттағы көрініс қызығырақ. Балалары терезеден лақтырған сұрақтары бар қағаздарға үлкендер таласып-қалып жатты. Ал жауаптың ішке қалай кіргізілгенін байқау қиын…

3,5 сағат бойы, 11 жылдық білім деңгейін көрсетіп шыққан оқушылардың басым бөлігі тест сұрақтарының қиын, әрі логикалық сауалдардың қисынсыз екенін айтуда.

Сырт қарағанда қатаң қадағалаудың нәтижесі қандай болғанын кешкісін түлектер қорытынды парақтарынан оқи алды.

Алғашқы күндерде тьапсырылған емтихан нәтижесінен соң болу керек, Үкімет басшысы ақылы оқу орындарына қажетті шектік балды төмендетті. Ол 50 балл деп нақтыланды, Медициналық институттарға 55, ал Ұлттық университеттерге түсу үшін кемінде 70 бал жинауы керек.