Өңір депутаттары жастар мәселесіне көз жұма қарады

282
Оңтүстік өңірінің жастары депутаттармен кездесті
Рәшкүл Оспанәлиева Облыстық "Жастар Орталығынан" жауапты талап етті

Қаламызда жастарға қатысты түйткілді мәселелерді ашық талқылау, қоғамда соңғы кездері жиі орын алып жүрген келеңсіз жәйттер, сондай-ақ жастар саясатын жүзеге асыру турасында аға буын депутаттар мен жастардың ашық кездесуі өтті.

Облыстық «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының кіші мәжіліс залында өткен шараға өңірдің «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, жоғарғы және орта арнаулы оқу орындары жастар ісі камитетінің төрағалары, жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшілері қатысты.

Жұмыссыздықпен күрес алғашқы мәселе ретінде қаралды. Себебі, Республикамызда 35 000 жас жұмыссыздық бойынша тіркелсе, соның 5048-ін Оңтүстіктің жастары құрап отыр. Рәшкүл Оспанәлиева облыстық жастар орталығына сауал тастап, атқарылған іс-шаралар жайында мәлімет беруін көпшілік алдында талап етті.

«Жастар орталығы» МКМ-нің бөлім бастығы Дамир Жүнісов ұтымды жауаптарын айтып, дәлелді мәліметтерін ортаға салды. Осылайша облыс жастарына қаралған көмектерге де толығымен тоқталып өтті өз кезегінде. Айта өтейік, жастар қауымының асыға күткен атаулы шарасына жалпы саны 13 депутат келіп, мәселені тарқатады делінген болатын. Десе де елдің ертеңін елестететін жастардың халіне 8 бірдей депутат көз жұма қарады.

Болашаққа бей-жай қарайтын билік басындағыларға айтар уәжіміз қалмады, деп шағымданды өңір жастары. Толығырақ тоқталсақ, облыстық мәслихаттың депуттары – Қайыпбек Қамбаров, Мәди Биғалиев, Пернебек Райымбеков, Талғат Баймаханов , Базарбай Мұсабеков, Нұрлан Омаров, Ерлан Нұрмаханов, Мұрат Төлтебаев. Дәл осы халық қалаулыларына ел болашағы – жастардың жайы қызықтырмады. Сондықтан, көкейіндегі көптеген сауалдарға жауап іздеген жастолқын мәселенің толыққанды шешімін табады дегенге күмәнмен қарап тарқасты.

Дамир Жүнісов, «Жастар орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің бас маманы: «Ия, бізге 2011 жылы 6 млн. тенге қаражат қаралған болатын. Ол қаражаттың барлығы тиісті шараларға жұмсалды, дәлелді құжаттары да тіркелген. Сондай-ақ бүгінгі басқосуды ұйымдастырып отырғанымыздың да себебі бар. Мәселен, Оңтүстік өңірінде 765 000 (жеті жүз алпыс бес мың) жас болса, оның 160 000-ын (жүз алпыс мың) студенттер құрап отыр. Жұмыссыздар саны да мәз емес. Оларды қажеттіліктермен қамтамысыз ету, талаптарын орындау, жастар саясатына белсенділік танытып, өз құқығын талап етуге құқылы екенін түсіндіру жұмыстарын атқарып жүрміз. Сондай-ақ жастар қауымын жаман әрекеттерден аластатып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бейімдеу турасында да көптеген маңызды шараларды атқардық. Яғни, спортқа баулу үшін арнайы алаңшалар, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Бұл аз десеңіз, демалысқа шыққан студент-жастарды да қоғамдық жұмыстармен белсене айналысуына жағдай жасамақпыз. Айта өтетін бір жәйт, жұмыссыз жастарға қатысты біз екі бағыт барысында жұмыс жасаудамыз. Оның біріншісі – жұмыспен қамту бағдарламасы, бұл бағдарлама аясында оларға оқуға мүмкіндік беріліп, сол тұрғыда несие алуға бағытталған үлгі бойынша жұмыс жасайтын болады, ал екінші бағдарламаны жалпы барша жасқа тиімсіз деп айтар едім. Себебі кепілдік зат қоюға дәл қазіріг уақытта ешкімнің жағдайы көтере бермейді. Сондықтан бүгінгі жиынның қарастырылып отрғын түйткілі де осы төңіректе. Аға буын жастарға қолдау көрсетіп, мәселенің шешілу жолын көрсетер деген үміт те жоқ емес».

Алмасбек Мамытбеков, “Нұр Отан” Халықтық демократиялық партиясы Оңтүстік қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: “Біз мұнда еліміздің ертеңі – жастардың жағдайына көңіл бөліп, олардың мәселелерін шешу үшін жиналып отырмыз. Сондықтан бірінші кезекте олардың ұсыныстары мен тілектеріне баса назар аударғанымыз жөн. Сондай-ақ олар өздеріне ұсынылып отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануы қажет. Мұнда бас қосып отырғанымыз да сол себепті екенін ұмытпайық. Ендеше, бүгінгі талқыланған түйткілдер мен ұтымды ұсыныстарыңыз міндетті түрде қаралатын болады».