Көліктерді техникалық байқаудан өткізудің мерзімі нақтыланды

453
Техбайқаудан 10 пайызы ғана өткен

Көліктерді техникалық байқаудан өткізудің мерзімі нақтыланды. Бұл мерзім зауыттан шыққан уақыты 10 жылға дейінгі көліктерге 6 айға, ал одан жоғарыларына 9 ай деп белгіленіп отыр. Бұл – техникалық байқаудан өткізу бекеттерінің жеткіліксіздігіне байланысты жасалған қадам. Республика бойынша 4 жарым млн. көлікті байқаудан өткізу үшін 500 бекет қажет, ал бүгінгі таңда 300 бекет қана жұмыс жасауда.

ОҚО-да 14 техникалық бекет бар. Ал байқаудан өтуі тиіс 380 мың көлікті қамту үшін 23 бекет қажет. Бүгінгі таңда 45 мың көлік байқаудан өткізілді. Бір мыңнан астамы жарамсыздыққа байланысты кері қайтарылған. Мамандардың мәлімдеуінше, техникалық жарамсыз көліктердің 57 пайызы жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктер болып отыр.

Және бір жаңалық, бұл салада қулығын асырғысы келгендер де көбейген. Өңіраралық көлік бақылау инспекциясының мамандары 24 жалған куәлікті анықтап, құқық қорғау органдарына жіберіпті. Қарапайым адамның жалған құжатты ажыратуы қиын, сол себепті барлық техникалық байқау бекеттерінің басшыларына арнайы түсініктеме беріліп, ескертулер жасалған.

Көліктің техникалық байқаудан өткені турасындағы жалған құжат анықталған жағдайда, автокөлік республиканың кез келген аумағында айып тұрағына қойылып, жүргізуші әкімшілік жазаға тарлылады. Сол себепті алаяқтардың сөзіне ермей, сақ болған абзал.