Мақтаралдықтар жалған құжат дайындап, субсидия алып жүр

Мақтарал аудандық прокуратурасы түрлі саланы дамыту бойынша мемлекеттен берілетін субсидияға қатысты бірқатар заң бұзушылықты анықтады. Яғни, Мақтарал аудандық ауылшаруашылық бөліміне жалған құжат дайындап, өткізу арқылы мемлекет қоржынынан 1 млн. 700 мың теңге шығын келе жаздады.

Тексеру барысында анықталғанындай, субсидия алушылар тарапынан да, ауыл шаруашылығы бөлімдері тарапынан да қолданыстағы заң нормаларының өрескел бұзылу жәйттері орын алған.

Мысалы, аудандағы «Байыспай» шаруа қожалығының басшысы К.Тәжімұратов «Айжансу» ЖШС-нің директоры Ж.Уәлихановпен сөз байласып, «Айжансу» ЖШС-не 50 бас асыл тұқымды жылқы сатып алу жөнінде жалған келісім-шарт түзген. Сату-сатып алу келісім-шартына қосақтала жасалған өзге де құжаттар Мақтарал аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөліміне бюджеттік субсидия алу мақсатында тапсырылған.

Ал Мақтарал аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері және аумақтық инспекцияның мемлекеттік инспекторы К.Тәжімұратов пен Ж.Уәлихановтардың тапсырған құжаттарын тексермей, оларды бюджеттік субсидия алушылардың жиынтық актісіне енгізіп жібереді.

Нәтижесінде, қулығын асырған екеу 1 700 000 теңге көлемінде бюджеттік субсидияға заңсыз қол жеткізеді.

Аудандық прокуратураның тексеру қорытындысы бойынша, ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Е.Жұрқабаев пен Мақтарал аудандық аумақтық басқармасының жетекші маман – мемлекеттік ветеринарлық инспекторы Б.Сағынтаевтардың үстінкн ҚР ҚК-нің 177 бабының 3 бөлігінің «б,г» тармақтарымен, 314 бабының 1 бөлігімен, ал, Ж.Уәлиханов пен К.Тәжімұратовтардың үстінен ҚК-нің 177 бабының 3 бөлігінің «б» тармағымен, 325 бабының 1,2,3 бөліктерімен қылмыстық іс қозғалады.

Айыптау қорытындысы істі сотқа жолдап, аудандық сот ауылшаруашылық бөлімінің қызметкерлерін айып тағылған баптар бойынша кінәлі деп танып, оларға ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігімен жазаларды ішінара қосу жолымен түпкілікті 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады. Мұнан бөлек, қос қызметкерге ҚР ҚК-нің 63 бабы қолданылып 2 жыл сынақ мерзімін белгіленген. Оған қоса, енді олар 2 жылға дейін мемлекеттік қызметкер бола алмайды.

Сыбайласқан алаяқтарға болса, әділсот 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Оларға да ҚР ҚК-нің 63 бабы қолданылып 2 жыл сынақ мерзімін белгіленді.

Бүгінгі күні айыпты деп танылып, жазасын өтеп жүргендер алаяқтық жолмен ұрлаған 1 700 000 теңгені мемлекет есепшотына толығымен құйды.

Облыс прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасы осындай өзекті және мемлекет қаржысын жымқырумен ұштасқан қылмыстық істерді өз өндірістеріне алып, тергеуді бұдан әрі де жалғастырамыз деп отыр.