Алтын ғасырдың білімді ұрпағы. Шәмші аллеясында «Алтын белгіге» қол жеткізген 283 жасөспірім облыс әкімінің қолынан көптен күткен марапаттауларына ие болды. Енді аз уақыттан кейін студент атанатын түлектердің бұл үлкен өмірге қадам басуы еді.
Білім теңізінде үздік шығып, білімдерін дәлелдей білген «Алтын белгі» иегерлерінің жүздері бал-бұл жануда. Әрқайсысының кеудесінде мақтаныш сезімі кернеп, бұл кешті ұмытылмастай сәтке балайды. Оңтүстіктің мақтанышына айналғандар бізбен қуанышымен бөлісті.
«Бұл күн мен үшін ерекше. Облыс әкімінің қолынан «Алтын төс белгімізді» алып, марапатқа ие болған күнді ұмытпаспын. Толқып та тұрмыз. Өйткені мұндай марапатқа кез келген түлек ие болған жоқ. Бұл біз үшін жасалған құрметтің белгісі» — дейді, «Алтын белгі» белгісінің иегері Емберген Әшірхан.
Түркістан қаласы бойынша Алтын белгіге ие болған 23 түлектің бірі Ақбота Салғар ҰБТ-де 121 бал жинап, марапаттау кешінде алғашқыларды бірі болып сахнаға көтерілді. Облыс әкімінің қолынан төс белгіні алған түлектің бұл күнді ұзақ күткені рас. Мұны он бір жылы бойы тергер білімі мен ұстаз еңбегінің жемісі деп біледі.
«Мен бұл күнді ұзақ күттім. Сондықтан бүгін үздіктердің қатарынан көрініп, ұстаздарым мен ата-анамның үмітін ақтағаныма өте қуаныштымын. Абыройымыз тасып, мақтаныш сезімі кернеп тұр жүрегімде. Енді жоғары оқу орнынан студенті атансам деймін», — деді Түркістандағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың түлегі , «Алтын белгі» иегері Ақбота Сарғар.
Биыл облыс бойынша 1483 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болса, оның тек 283-і ғана үмітті ақтап шықты. Солардың арасында көш бастап тұрған Шымқаламыздың 71 түлегі де бар. Жалпы білім бойынша облысымызда Кентау мен Шымкент және Түркістан қалалары алдыңғы орында. Ең төменгі көрсеткішке ие болғандардың көшін Сарығаш пен Қазығұрт және Шардара аудандары болып отыр. Ал облысымыздың биылғы орта балы 66,89.
Марапатату кешінде сөз алып, құттықтаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов алдағы өмірге тек жақсылықпен қарайтын жастарымызға сәттілік тіледі.