Сайрамда құтыру ауруынан бүлдіршін көз жұмды

590

Сайрам ауданы Ақбастау ауылының тұрғындары үрейленіп отыр. Ауылдың 4 жасар бүлдіршіні құтыру ауруынан көз жұмып, дәрігерлер мен ата-анасы балғынды мырышпен қапталған жәшікте жер қойнауына тапсырды. Оқиға маусымның 4 жұлдызында болған. Ауылдағы екі бала және бір ірі қара малды ит тістейді.

Куәгерлердің айтуынша, ол ит өзге иттермен таласқан. Сол қаңғыбас ит тістеген кішкентай Еңлік Қасымқызы бірден ауруханаға жеткізіліп, ем-дом жасалыпты. Алайда, 1 ай өтпей бүлдіршін көз жұмды. Ветеринар мамандардың айтуынша, облыс бойынша биылғы 6 айда құтыру ауруынан көз жұмған төртінші адам.

Желке тұсынан ит тістіген Еңлікті ата анасы Сайрам аудандық ауруханасына дер кезінде жеткізіп, егу жұмыстарын жасатқан. Өкінішке орай құтыру ауруына қарсы төрт рет салынған дәрі-дәрмек балғынды аман алып қала алмапты. Арада 18 күн өткенде қыз-баланың денсаулығы нашарлап, көз жұмды. Облыстан жиналған дәрігер-мамандар консилиумы бүлдіршін «құтыру» ауруына шалдыққан деген диагноз қойған.

Анықталғанындай, құтырған ит ауылдың бала бақшасындағы тағы бір баланы тістеген. Тұрғындардың айтуына қарағанда, екі күннен соң осы бала бақшаның әжетханасында иттің өлексесі табылған. Ветеринар мамандар өлген иттің басын зертханаға тапсырдық, нәтежесін күтіп отырмыз, дейді. Олар берген мәліметке сүйенсек, биылғы жылы құтыру ауруының алдын алу үшін бөлінген вакцина қажеттіліктің небары 27 пайызын құрайды екен. Мал дәрігерлері ауданда шамамен 27 мың ит барын айтып отыр. Оның 6800-і ғана дәріленіпті. Қызды тістеген ит ірі қараны да тістегенін айтады тұрғындар. Оның үстіне топтасып жүрген иттердің өзгелеріне індеттің жүқпағанына кепілдік берер ешкім жоқ.

Ветеринарлардың жұмысы ауыл тұрғындардың көңілінен шықпайды. Біріншіден құтыру ауруымен ауырған итпен қатынаста болған өзге иттердің көзін жою енді ғана қолға алынған. Ал ит қапқан сиыр қазір жайылымда өзге жануарлармен жүр. Ол аз дегендей, құтырған иттің денесін өртеуді мамандар ауыл тұрғындарының өзіне жүктепті. Осылайша, бір ауылдың халқы не істерін білмей дал болып отыр. Ал ветеринар мамандар қайғылы оқиғаны Алланың ісі дегеннен ары аса алмады. Ал өздерінен жауапкершілікті алыстату үшін зертхананың қорытындысын күтеміз дейді. Нәтеже оң бола қалса, дәрігерлердің қойған диагнозы негізсіз демесіне кім кепіл! Ал ауылдықтар үрейден арыла алмай отыр.