"Астана керік" екіде
«Астана керік» екіде

Шымкент зообағына осыдан 1 жыл бұрын Алматыдағы жануарлар бағынан әкелінген керіктің 2 жасқа толуын мұндағы мамандар тамашалаушылармен бірге атап өтті. Керік 6-шілде күні туылған. Сондықтан оған «Астана» деген ат берілді. Шөптесін өсімдіктермен қоректенетін ұзын мойынның туған күніне орай арнайы жеміс-жидек торты әзірленген. Тағамды әзірлеуге 15 келі жеміс-жидек жұмсалды.

Зообақтағылар жануарға аса ұқыптылықпен қарайды. Өйткені 14 жыл бойы мұнда керік тұрақтамаған. Ал жылы жаққа жайғасқанына жыл толған мына жұптұяққа жеріміздің жаққаны жүзінен байқалады. Бойының да біршама өскенін мамандар мақтанышпен жеткізді.

Сейдолла Жұбаев, Шымкент жануарлар бағының директоры: «Өткен жылы келгендер байқаған болар, торға мойны жетпей тұрған еді. Биыл асыпты. Алғашында өңірімізге үйрене алар ма екен деп алаңдаған едік. Жағдайы жақсы. Биыл алғаш рет туған күнін тойлап отырмыз».

«Астана керіктің» суреті жапсырылған плакатқа балғындар тілектерін жазып қалдырды. Зообақтағы барлық жануарға биіктен қарайтын паң керік 2 жылдан соң «отау» құрады. Ұзын мойынның аналығы әкелініп, бұл жануардың санын арттыру жоспарланып отыр.