Депутаттар Оңтүстік жастарымен кездесті

297

Депутаттар каникулын құр өткізбей, жергілікті жерлерде кездесулерге қатысуда. Парламент Мәжілісінің депутаттары бүгін Шымкенттік студент жастарымен кездесті. Жиын барысында халық қалаулылары жастарды қолдауға қатысты өкілетті және атқару органдарымен қабылданған шешімдермен таныстырды. Ал жастар көкейінде жүрген мәселелерді заң қабылдаушылардың өздеріне жеткізуге мүмкіндік алды.

ҚР ПМ төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко оңтүстік өңірінің жастарымен кездесуге тыңғылықты дайындалыпты. Депутаттық топтың жұмысымен халық қалаулысы жиналғандарды мемлекеттік тілде таныстырды. Ал депутат Розақұл Халмұрадов болса жастар заңы тұжырымдамасына өз тараптарынан енгізген ұсыныстарын айтып, бір қуантты.

Розақұл Халмурадов, ҚР ПМ депутаты: «ЖОО  грантта оқитын студенттер үшін  жол кіреге   жеңілдіктер қарастырылған. Ал ақылы оқитын студеттерге ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Оларға да қоғамдық көлікте жүру ақысына 50 пайыздық  жеңілдіктер қарастыру жөнінде біз ұсынысымызды бердік. Заң жобасы қазіргі таңда өңделуде. Әрине бюджеттің кіріс, шығысы бар. Сондықтан да мұны қабылдау уақыт еншісінде. Алайда біз өз ұсынысымызды бердік».

ОҚМУ 1-курсын тамамдаған Дмитрий Дружков  педагог мамандығын таңдаған.  Студент өзі көтерген мәселе мен ұсыныстарды депутаттар ескереді деген сенімде.

Дмитрий Дружков, М. Әуезов атындағы ОҚМУ студенті: «Білім беруге қатысты ұсынысым бар. Мектеп қабырғасында  таңдаған мамандығың бойынша дәріс алсаң ғой. Бүгінде  Еуропа мен Ресейде  осы үлгіде білім беруде. Электронды күнделік деген болса, сонда ата-аналар өз баларанының үлгерімін компьютер арқылы біліп отырады. Мен қазір екінші курсқа өттім.  Оқу үздігімін. Өзің жалқау болмасаң,  бүгінде студенттерге барлық жағдай жасалған».

Қазіргі таңдағы бар мүмкіншілікті пайдаланбау өз болашағыңа қиянат жасау деп түсінеді Береке Дүйсебеков. Өйткені жастар мемлекет алдындағы жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ол заман талабы дейді белсенді жас.

Береке Дүйсебеков ,ОҚМУ жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы: «Осыған дейінгі заңда жастарға жағдай жасау жайлы әрбір тармақта көрсетілген болса. Біздің ұсынысымыз  қабылданғалы отырған за жобасына жастардың міндетін  енгізуді талап етеміз».

Әр адам өз тағдырының иесі. Қазіргі кезеңде студент жастардың алдында үлкен міндет тұр. Олар білімді, таңдаған мамандығының нағыз иесі болуы шарт. Сонда ғана келешекте еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қоса алады. Ал тек жиындарға қатысып, іске келгенде немқұрайлылық танытса, одан өзі де, қоғам да ұтпайды.