Оңтүстікте адамдарды қарақұрт пен жылан шағуда

Абай болыңыздар!  Улы жәндіктер шағып алған адамдар бірден аурухана төсегіне таңылып жатыр. Соның бірі Леңгірден келген 33 жасар Жәнібек Амиров бір аптадан бері ауруханада жатыр. Шөп шабуға барғанда жылан шағып алған оның  біраз уақыт өткен соң ыстығы көтеріліп, басы ауырып, аяғы ісіп кеткен. 

«Ауылда шөп шабуға шығып едік. Ештеңені байқана жоқпын. Тыз ете қалды да, жерге қарасам, жылан жатыр. Аздап ауырсындым, бірақ ауру қатты сезілмеді. Аяғым ісіп кеткен соң, бірден ауруханаға келдім»,-дейді Жәнібек.

«Кешкі сағат алты жарымда сол қолымды жылан  шағып алды. Содан аяқ-қолдарым қақсап, қалтырап кетті, жүрегім қысылды. Көздерім қарауытып, басым айналды.  Жедел-жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілдім»,-дейді тағы бір тұрғын.

Бір айдың ішінде жоғарғы қысымды оттегімен емдеу бөліміне қарақұрт шаққан 3, жылан шаққан 4 адам жеткізілген. 14-мамырдан бері 24 адамды қарақұрт, 6 адамды жылан шаққан. Ал сарышаян шаққан 100-ден астам адамға алғашқы көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылған. Дәрігерлер тұрғындарға серуендеуге, тауға шыққанда абай болуға шақыруда.

«Егер тауға шыққанда, жылан немесе қарақұрт сынды улы жәндіктер шағып алса, қорқудың немесе үрейленудің қажеті жоқ. Абайлап, өздігінше ештеңе істемей, бірден емханаға немесе ауруханаға келу керек. Бастысы, қайда жүрсеңіздер де абай болған дұрыс»- дейді Т.О. Орынбаев атындағы ОЖКОЕ орталығындағы таксикология бөлімшесінің бөлім бастығы Асылхан Мыңбосынов.