Шымкентте нан бағасы қолдан көтеріліп жатыр

Шымкентте нан қымбаттады

Шымкентте нан бағасы түбегейлі арзандаған жоқ. Бірқатар дүкендерде әлі күнге дейін әлеуметтік нан 40 теңгеден сатылып жатыр. Бұл туралы арнамыз бен сайтымыздың тілшісіне «Нан» қауымдастыңының төрағасы Әбдімәлік Көмекбаев мәлімдеді. Ал елдің бәсекелестікті қорғау агенттігіндегі өкілдері болса, ас атасының құны қолдан қымбаттатылған болуы мүмкін деп күдіктенеді.

Наубайханалар ас атасын бұрын 28 теңгеден жеткізсе, қазір ол 32 теңгеге бірақ жетіпті. Сатып алушыға жеткенше бөлке нан 40 теңгеге шарықтайды. Дегенмен, қалалық әкімдік өкілдері нан бағасын түсіруге әрекеттеніп жатырмыз деп әлек. Дүкендердің 70 пайызға жуығында бағаны бағындырдық деп отыр.

Жангелді МАҚАШЕВ, Шымкент қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы: «Облыс басшыларымен штаб құрылып, талдау жүргізіп, қазір «Атамекен» корпорациясымен дүкендер арқылы ұнды 3200 емес, 2300 теңгеден ұндар беріліп жатыр. Сол себептен қаладағы үш ауданда да нан 40 теңгеден 35 теңгеге түсіріліп, жұмыстар жүргізіліп жатыр».

Ауыл шарушалығы басқармасы өкілдері де нанның бағасын көтеруге негіз жоқ деген пікірде. Айтуларынша, облыста астық қоры жеткілікті. Жетпегенін өзге облыстардан алдырып жатса керек.

Низамиддин ПІРМАНОВ, Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары: «Шілде айының басында алдын ала есептер жасалынып, республикаға, осы тамыз айына 66 мың тонна астыққа тапсырыс берілді. Ал жалпы кеше облыс басшылығы мен республикадағы азық-түлік корпорациясы және ауылшаруашылығы министрлігі келісіп, жалпы облысымызға 100-150 мың тоннадан астам астықты ертең күз айларында алуға келісім жасалынып жатыр. Ал енді бүгінгі таңға астықтың көлемі, ұн өнімдерінің көлемі облыс халқына жеткілікті. Және де оның қымбаттап кететін жағдайына ондай бір әсер көріп отырғанымыз жоқ». 

Соған қарағанда нан бағасы қолдан қымбаттатылған болуы да мүмкін. Елдің бәскелестікті қорғау агенттігі Оңтүстік Қазақстан және басқа да облыстарда бағаны ауыз жаласып көтергендерді анықтауға кірісті.