Топан судан зардап шеккен ордабасылықтар қашанғы ойбайлайды?

Су басқан Ордабасы ауданы

Парламент Мәжілісінің қос депутаты Ордабасы ауданының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарымен кездесті. Жарты жыл бойы баспанасыз босып жүрген жұрттың сұрағы көп. Аптап ыстықта палаткаларды паналап қалған тұрғындар осы күндері үкіметтен де үмітін үзе бастаған. Мінбеге шыққан мәжілісменнің тұрғындарға беретін нақты жауабы болмады.

Нұрғали Әшім мен Уәлихан Бишімбаев сынды қос депутаттың Ордабасы ауданына келгеніне тұрғындар қуанғаны рас. Алайда, Темірландықтардың ашынған күйін соңғы айларда түсініп отырған жан шамалы. Жарты жыл бойы сең қозғалмай арқаны кенге салып жүрген халық қалаулылары үкіметке депутаттық сауал жолдаймыз дегенді әлі айтып жүр.

Уәлихан Бишімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Біз бұл мәселені көтереміз. Үкімет басшысына сауал жолдаймыз. Нақты шешім шықпайынша, талқыға сала береміз».

Топан судың зардабын көргендер нақты көмек пен қолдауға келгенде, Үкіметтің жауапсыз отырғанына ашынады. Көз жасын көл етіп жылап отыр мұндағылар. Аптап ыстықта күн көзін тартатын палаткаларды паналап жүрген тұрғындардың бүгінге дейін көрген қиындығы өз алдына. Бір жарым-ақ айдан соң түсетін күрең күзде баспана салып үлгеруі қиын екенін жылы үйлерінде отырған басшылар білгенімен, назар аударар емес. Бұл жиыннан да өз бетінше балшық илеп, кесек құйып жанталаысп жатқан ауыл түрғындары қарны ашып қайтты.

Әсемкүл Айнабекова, зардап шеккен тұрғын: «Жаздың жартысы өтті. Ыстықтан қиналып кеттік. Бала-шағаның бәрі ауру тапты. Өзіміздің әбден өзегіміз талды. Мұнда келеміз, нақты жауапсыз. Бүгін депутаттар келді деп, мәз болып көрісіп едік, олардың да жартып айтары жоқ. Енді не істейміз?».

Жағдайын айта, айта, жағы талғандардың бірі Абай Бөгежанов. Көктемдегі тасқын судан үйіне айтарлықтай зиян келген азамат әкімдіктің табалдырығын тоздырыпты. Көршілері көмек күтпестен, кірпіш құйып, қарекетін қамдап жатыр. Абайдың бұлай етуге шамасы жоқ. Жасы келген ол үкіметтен үміт күтпеске амалым жоқ дейді.

Абай Бөгежанов, зардап шеккен тұрғын: «Бір тірлік жасап, құрылысты өздігімше бастауға ниетім жоқ. Бұл бірінші рет тасқыннан зардап шегуіміз емес. Қазір бәрінен шаршап жүрмін. Үкіметтен жұрт үмітін үзіп қойды. Бірақ мен әлі күдерімді үзген жоқпын. Мемлекет мені далада қалдырмас деп отырмын».

Жалпы Ордабасы ауданындағы 6 ауылдық округте 467 тұрғын үйге топан судан залал келген. Соның 70-і апатты жағдайдағы баспана деп танылған. Ал алтауы құлап қалған. Бұл соңғы нақтыланған дерек. Аудан әкімінің орынбасары Бақыт Құрманбектің айтуынша, қазір үкіметтен 289 млн. 146 мың теңге сұралып отыр. Бұған бұйыртса, 283 тұрғын үй қалпына келтіріледі деген жоспар бар. Ал қалған баспаналар қайырымдылық қорына жиналған қаржы есебінен реттелмекші екен. Қорға жиналған ақша көлемі бүгінде 86 млн. 594 мың 582 теңгені құрап отыр.

Бақыт Құрманбек, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары: «Жалпы республикалық бюджеттен сұралып отырған қаржы көлемі 638 млн. теңге. Ол көпір, жолдар, әлеуметтік нысандарды жөндеуге және баспана құрылысын жүргізуге сұралған қаражат. Үкіметке құжаттардың бәрін қаттап, өткізіп қойғанымыз қашан?! Соны күтіп отырмыз. Онда біздің құзыретіміз жүрмейді».

Қаулыға премьер-министр бүгін-ертең қол қояды деген сөздерді естігеніне жарты жыл болған Темірландықтар  тағы бір уәдені арқалап қайтты.  Бұл жолы мәжілісмендер мәселені шешуді жылдамдатамыз деп мәлімдеді. Құлаған үйлердің орнында құрылыстың қашан басталарын ешкім білмейді. Шенеуніктер сияқты уәде беруге шебер халық қалаулылары бұл жолы сөзінде тұра ала ма? Мұны уақыт көрсетеді.