Су тасқынынан зардап шеккен ордабасылықтар өтемақысын түгел алды

256

Ордабасылықтар өтемақысын түгел алды. Ерте көктемде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар мемлекеттің қамқорлығынан тыс қалған жоқ. Сөйтіп, жапа шеккен жұрттың көңілі тынышталды. Бүгін арнайы іс-сапармен Ордабасы ауданына ат басын бұрған облыс әкімі Асқар Мырзахметов жергілікті халықпен кездесіп, көпшіліктің өтемақысын түгел алғанына көз жеткізді. Айта кету керек, облыс басшысының бұл жолғы сапары аудан әкімдерінің есебінде айтылған тірліктердің барысымен танысу болатын.

Ерте көктемде су тасқынының кесірінен баспанасынан айрылған жұрттың жанайқайы. Қоңыр салқын күзде паналайтын үйсіз қаламыз ба деп үрейленген халық ала жаздай мемлекет қазынасынан көмек күтті. Сөйтіп, ақыры күткендеріне қол жеткізді. Бүгін облыс әкімі тұрғындармен кездесіп, өтемақымен түгел қамтылғанын білді.

Бір қуанарлығы, «Алма піс, аузыма түс» деп жатпастан, қарекетке көшкен кейбір тұрғындар өздігінше қыш құйып, үйдің құрылысын бастап та жіберді. Бұйыртса, осы күзде шатырын жауып, жаңа баспанасына кіретіндер де жеткілікті. Қолында азын-аулақ қаражаты барлардың жағдайы осындай. Ал бар мүлкінен айрылып, қара бақырсыз қалғандар мемлекет қазынасы мен қайырымдылық қорынан бөлінген қаражатқа енді баспана саламыз дейді. Облыс басшысы енді мұндай апаттың бетін аулақ қылсын деді.

Қазір су тасқынынан зардап шеккен алты ауылдың тұрғындары қызу қарекетін жасап жатыр. Жамағат «Елде болса, ерніңе тиеді» дегендей, алдымен Алланың, содан кейін мемлекет қамқорлығының арқасында күзде баспаналы болармыз деген үмітте. Ал облыс басшысы берілген қаржыны той-томалаққа жұмсамай, тиыннан шашау шығармастан, баспана құрылысын ертерек аяқтауға тілектестігін білдірді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ugjMqXpBi78[/youtube]