10 939 тұлғаның конституциялық құқығы қорғалды

Елбасы 2007 жылы 16 мамырда Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде Конституциялық өзгерістер Қазақстанның қуатты, бәсекеге қабілетті және демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуы жолындағы маңызды кезеңге айналатынын атап көрсеткен болатын. Сайлау заңнамасы жетілдіріліп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары кепілдендірілді. Ұлтаралық келісім қамтамасыз етіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясы нығайтылды. Сот жүйесі жетілдірілді. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қолданыстағы Ата Заңымыздың әлеуеті барынша күшейтілген.

 Сондықтан, біз өзгелерден қалмау үшін, биіктерге самғау үшін, алдыңғы қатарлы мемлекеттермен тереземіз тең болуы үшін азаматтарымыздың құқын Ата Заңымыздың шеңберінде айқын басымдықпен қорғауымыз керек.

Бұл үшін 2012 жылдың өткен кезеңінде қолданылған прокурорлық ықпал ету шараларымен 10 939 тұлғаның конституциялық құқықтары қорғалып, 4269 жұмысшы алдындағы 113,5 млн. теңгені құрайтын айлық жалақы бойынша қарыз соммасы өндіріліп отыр. Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бағытында жүргізілген 1445 тексерудің нәтижесінде 35 мыңға жуық заң бұзушылық анықталып, оларды жою мақсатында 2386 прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, олар қаралды. Түрлі жауапкершіліктерге 4008 тұлға тартылды. Мемлекет пайдасына 687 млн. теңгеден астам қаржының түсуі қамтамасыз етілді.

Облыс прокуратурасы конституциялық заңдылықты мүлтіксіз орындап, Елбасы және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмаларын жүзеге асыра беретін болады.

Ата Заңымыздың шуағымен еңбек етіп, биіктерді еркін еңсеріп келе жатқан барша қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтаймын!

Ибраһим Иманов,

ОҚО прокурорының бірінші орынбасары, аға әділет кеңесшісі