«Ақ алтынның» бағасы құлдырауда

Мақтарал ауданында мақта теру науқаны басталды. Бірақ шаруаны өнімнің нарқы алаңдатып отыр. Әлемдік биржада шамамен 100 теңгеге тең болып тұрған баға Мырзашөл өңірінде 65 теңгеге де жетпейді. Зауыттар әлі күнге дейін мақтаның сатып алу бағасын нақты белгілемей отырған көрінеді. Диқандар биылғы жылы 95 мың га алқапқа шит сепкен болатын. Бүгінгі таңда 7200 тонна мақта қырманға келіп түссе, күніне 2000 тонна ақ алтын терілуде.

«Азратқұл – ата» ШҚ төрағасы Икрам Бабаяров иелегіндегі 7 гектарға мақта еккен. Қазір ақ алтыннның әр келісін жергілікті қолтерімшілерге 10 теңгеден тергізуде. Онсызда дайын өнім алғанша шығынға шаш етектен бататын оның беріліп жатқан бағаға көңілі толмай отыр. Айтуынша қазіргі алып жатқан 50-60 мың авансы кеткен шығындарының орнын да жаппайды екен.

Ауданда Елбасының тікелей тапсырмасымен салынған жылдық қуаттылығы 60 мың тоннаны құрайтын «Қазақстан мақтасы» АҚ – на қарасты, «Мақта келісім – шарт корпорациясы» жергілікті зауыттар арасында бәсеке орнатып, мақта шикізатын жекеменшік зауыттардан жоғары қабылдап, диқан қауымға жағдай жасау керек болатын. Алайда, мемлекет қаржысына салынған зауыт өз міндетін дұрыс атқармай отыр дейді Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Қанапия Сыздықов. Мақта бағасын белгілейтін де осы зауыт болуы тиіс. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Ливерпуль биржасында мақта бағасы 100 теңгеден асып түседі.

Қанапия Сыздықов, Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары

– Үзенбаева деген осы АҚ – ның президенті жекеменшік зауыттардан да төмен баға белгілеп отыр. Былтыр да осындай айқай болған. Үзенбаева ешнәрсеге көнбейді. Оған қолданар заң жоқтай көреді өзін. Әкімшілік тарапынан біз комиссия құрғанбыз. Зауыттардың барлық президенттерін шақырғанбыз. Трейдерлік компанияларды да шақырдық. Бүгінгі таңда олар нарқын әлі күнге шығарған жоқ. Тек қана 60 теңгеден аванс беріп отыр. Катировка дейді, 15-қыркүйекте шығарамыз дейді. Әртүрлі сылтауларды, себептерді айтып келе жатыр.

Бұдан бөлек, мақта өңдеуші зауыттар өнімді сатып алу бағасын төмендету үшін түрлі қулықтарға баратын көрінеді. СТК басшысы Тұрсынбай Бердалиев «Мақта өңдеу зауыттарының, трейдерлердің саясаттары сәл түсініксіздеу. Себебі, Ливерпуль биржасында катировка көтерілетін жағдайда ол кісілер енді мүлдем үндемейді. Бірақ түскен кезде айғайлап шығып, осыны бізге жеткізіп, баға түсті деп, мақтаның сатып алу бағасын мүлде төмендетіп жібереді»,-дейді. Сондай ақ, мақтаралдық мақташылар зауыттардың «Мақта саласын дамыту туралы» заңда көрсетілген «Мақта қолхаты» бойынша жұмыс істемей отырғандығына наразылықтарын білдіруде. Егер шаруа «Мақта қолхаты» арқылы өнімдерін өткізетін болса, зауыттарға мұншалықты тәуелді болмас еді.

Қазір ауданда 8 мақтау өңдеуші зауыт терім науқанына дайын тұрса, оның 6-ы өнім қабылдауға кіріскен. Ал, аудан халқының негізгі күн көріс көзі алтыннан артық бағаланатын осы – мақта. Сондықтан «Балапанды күзде санайды» демекші мақташылар өз еңбектерінің қара күзде бағаланатынына үміт артып отыр.