Тұманды Альбионда XXX Жазғы олимпиада ойындарының соңынан іле-шала дене бітімінде кемістігі бар спортшылардың (Паралимпиада) дүбірі басталып кетті. 29- тамыз күні алауы тұтанған дода бел ортасына таяды. Бәсірелі бәсекенің арасында қазақстандық спортшылар да бар. Біздің сайыпқырандар қай межеден көрінер екен? Мұның жауабын бір аптадан кейін білетін боламыз.
Олимпиада ойындары тамыздың 29-ы түн ауа (Лондон уақытымен) салтанатты түрде ашылды. Төрт жылда бір келетін ұлы дүрмекті тамашалағандардың қатары қалың. Сапырылысқан стадионға 80 мың көрермен жиналды. Британдық режиссерлер бұл жолы да Ұлыбританияның тарихын, ғылымына қатысты ғажайып қойылымдарды әлем назарына ұсынды. Әйгілі Исаак Ньютонның алмасы да режиссерлердің есінен шықпапты. Өмірге құштар жандардың салтанатты шеруі де өзінше бір әлем. Ал ең қызықты сәт алаудың тұтануы ерекше талғаммен ұйымдастырылыпты. Шеруден соң Ұлыбритания ханшайымы ІІ Елизавета мен Паралимпиаданы ұйымдастыру комитетінің төрағасы Себастьян Коу сөз алып, мүгедек жандардың жігерін жаныды. «Спортта шекара жоқ. Спортқа өмірдегі түрлі қиындықтар мен әртүрлі жағдайлар кедергі бола алмайды» деген Коудың қанатты сөзі «позитивный» спортшыларға қосымша күш бергені сөзсіз. Содан екінің біріне бұйыра бермейтін олимпиада алауын 1960 жылғы паралимпиада чемпионы, садақшы Маргарет Мон тұтатты.
Ағылшын астанасына елімізден іріктелген 7 спортшы аттанған. Олардың Лондонға «билет» ұтып алуы оңай соққан жоқ. Төгілген ащы тердің арқасында қол жеткізді. Біле білсек, қасиетті 7 санына тең лицензия ұтып алуымыз бұл ел спортындағы бұрын-соңды болмаған жетістік. Қайсар ұл-қыздарымыз жүлденің жалынан ұстау үшін 9-қыркүйекке дейін бәсекеге түседі. Беделді жарыстың алғашқы аптасын артқа қалдырғанымызбен, ел қоржынында жүлде жоқ. Үкілеген үміттеріміз ерлік көрсете алмай, жеңілістің кермек дәмін татуда. Негізінен, қиын да күрделі спорт түрлерінен сайысқа түсетін паралимпиадашыларға кінә артудан аулақпыз. Бәрі де шамасының жеткенінше тырысып бағуда. Шайтанарбасымен әлемді тамсандырған Александр Винокуроов секілді топты жарып шықса деген тілек қана бізде. Олимпиаданың аяқталуына да 1 аптадай уақыт бар. Әзірге, спортшыларымыздың жүріп өткен жолын зерделеу ғана қолымыздан келеді. Ендеше, жүлде үшін жарысқа түскен отандастарымыздың нәтижесін тізіп шықсақ. Ең алғаш болып бәйгеге қосылған ауыр атлет Кәбира Асқарова өз салмағындағы 7 мықты спортшының қатарына енді. 44 келіде сынға түскен Азия ойындарының жүлдегері 65 келілік зілтемірді ғана ырқына көндіре алды. Жеңіл атлеттеріміздің жағдайы да көңіл көншітпейді. 200 метрге дейінгі қашықтықты бағындыра алмаған Айнұр Байділдаева біліктілік турынан өте алмады. Ұзындыққа секіруші Ислам Салимов 5м. 64 см. нәтижесімен 12 орынға жайғасты. Ислам 400 метрге жүгіруден де жанкүйерлерін қуанта қоймады. Көзі нашар көретін спортшылар арасындағы 100 метрге жүгіру жарысында қазақстандық Сергей Харламов 12-орынды місе тұтты. Тағы бір 20 жасар пауэрлифтингші Айбек Әбжан 60 келілік спортшылар арасында тоғызыншы орынды қорытындылады. Осыдан бір ай бұрын «ExCell» аренада атой салған зілтеміршілеріміздің жарқын жеңісін қайталауға паралимпиадашылардың қауқары жетер емес. Суда жүзгіштеріміз де Лондонға құр серуендеу үшін барғандай әсер қалдырады. 100 метрге баттерфляй әдісі бойынша Әнуар Ахметов 16-орын алып, финал арманға айналды. Енді қалған 3 спортшымыздың жолына үмітпен қараймыз. Бүгін Сергей Харламов ұзындыққа секірсе, 8-қыркүйек күні Зүлфия Ғабидулина мен Әнуар Ахметов шалқалай, еркін және брас әдісімен жүзу сындарына қатысады. Ал 100 метрге жүгіретін Айнұр Байдулдаева қазақстандық спортшылардан ең соңғы болып жарысты аяқтайды. Өзге елдер түрлі түсті жүлдені күреп алып жатқанда, спортшыларымыздың жүлдеден қағылуы жанға батады екен. Біз әзірге өзге елдердің жүлдесін санауға мәжбүрміз. Паралимпиадада 54 елдің өкілдері медаль алып үлгерді. Лондон төрінде әсіресе қытайлардың шоқтығы биік. Қысық көзді көршілеріміз 46 алтын, 31 күміс және 35 қола еншілеп, жалпыкомандалық есепте көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарға Ұлыбритания, Ресей, Австралия, Украина, АҚШ, Германия, Бразилия, Франция сынды спорт державалары жайғасқан. Орта Азия елдерінің арасында ала тақиялы көршілеріміз алда келеді. Олардың қоржыныда бір қола жүлде бар.