Созақта жедел жәрдем көлігі жоқ

Созақта жедел жәрдем көлігі жоқ

Жүкті әйелдер ауылда босана алмайды, сондықтан оларды таксимен аудан орталығына жеткізу 5-6 мың теңге тұрады екен.

Осы мәселені көтеріп Созақ ауданының тұрғындары ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Зекенқызының блогына хат жазған. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылының тұрғындары жедел жәрдем көлігіне зәру. «100 км арыда тұратын Қаратауда да өткенде қызым толғатып түнде ауруханаға апарса, жедел жәрдем көлігі жоқ, өздеріңіз жетіңіздер дейді. Такси түнде 10000 теңге сұрайды. Сонда жағдайы жоқтар не істейді? Ауылдық ауруханада бұрын болған жедел жәрдем көлігі енді неге жоқ?» – деп жазылады хатта.

Жедел жәрдем көлігінің жоқтығы ауыл тұрғындарының қалтасын да жұқартып отырғанын байқауға болады. «Аналардың атынан өтініш білдіреміз, қазіргі таңда босану мәселесі емес көлік мәселесі басты проблема болып отыр» – деген Созақ ауылының тұрғындары бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігі көмектесіп, шешіп берер деген үмітте.