Төл теңгеге – 19 жыл

Бүгін төл теңгенің туған күні. Ұлттық ақшамыздың қолданыста жүргеніне биыл 19 жыл толды. Осыған орай, Оңтүстіктің студенттері атаулы датаны мерекелеуде. Мардан Сапарбаев атындағы ОҚГИ-ның «Парасат» колледжі жастары теңге күніне орай арнайы іс-шара өткізді.

Төл теңгенің 19 жылдық мерекесін тойлауда әсіресе, студенттер белсенділік танытуда. Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының «Парасат» колледжі ізденушілері мерекеге орай, өзара интеллектуалды сайыс өткізді. Валерия Шагалова теңге тарихын түбегейлі таныған студент. Сондықтан да бойжеткен ұлттық ақшадан өзге валюта түрлеріне сенбейтінін айтады.

Алғашқы теңге қалай пайда болып, қайда басылды? Осы сауалдардың жауабын Оңтүстіктің әрбір жасы білуге міндетті деп санайды колледж оқытушылары. Білімді болу – жастарымыздың қоғам өміріне етене араласуына мүмкіндік береді.

Төл теңгенің туған күнін кәсіби мереке ретінде қаржыгерлер де тойлап жатыр. Олардың айтуынша, ұлттық ақшамыз осы жылдар ішінде жоғары тұрақтылыққа және қазақстандықтардың сеніміне ие болып үлгерген.

Ұлттық төлем жүйесі ТМД-да жоғары санатқа жету арқылы, әлемдік талаптарға жауап бере алды. Мұндай көрсеткішке жетуіміз – бұл мемлекеттік қаржы институттарының арқасында мүмкін болып отырған жетістік.

Бүгінде қазақ теңгесі әлемдегі ең жас ақша түрі ғана емес, сондай-ақ, орнықты валюта болып табылады. Яғни, алдыңғы қатарлы валюта курстарымен салыстырғанда біздің төл теңге әлдеқайда тұрақтылығымен ерекшеленеді.