Пойыз астына түсіп кететіндер азаяр емес

394
Теміржол бойында ешқандай белгі жоқ. Әсіресе, құлағына тығын тыққан жастар пойыздың қалай келіп қалғанын байқамайды да

 

Теміржол бойында ешқандай белгі жоқ. Әсіресе, құлағына тығын тыққан жастар пойыздың қалай келіп қалғанын байқамайды да

Темір жолдардағы қайғылы оқиғалар сала мамандарының қатаң шара көруіне себеп болып отыр. Былтыр облыста 14 адамды пойыз басса, биыл қайғылы жағдайға тап болғандар қатары 17-ге жеткен. Осындай жантүршігерлік оқиғалардың алдын алу үшін «Теміржолы – қауіпті аймақ» айлықтары , өзге де профилактикалық шаралар өткізіліп жатқанымен, әзірге айтарлықтай нәтиже жоқ. Қараша айында бір аптаның өзінде 4 адам пойыздың астына түскен.

Теміржолда қайтыс болған адамдардың саны азаяр емес. Статистикаға жүгінсек, 2011 жылы пойыздарды шұғыл тоқтатудың 259 фактісі тіркелсе, биыл локомотивтер 227 рет тоқтатылған. Көліктердің ережелерді сақтамауы, адамдардың темір жолды кез келген тұстан кесіп өтуі және қараусыз малдар да оған себеп. Осындай келеңсіздіктерге тосқауыл қою мақсатында өңіраралық көліктік бақылау инспекциясының мамандары басқосты.

Олег Петухов, «Оңтүстік» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы бастығының орынбасары: «Біз нақты іс шаралар жүргізуді жоспарлап отырмыз. Темір жолы бойында қауіпті аймақтар, елді мекендерді анықтау үшін түгендеу жұмыстарын жүргізілді. Өкінішке орай, жер үйлер 5 метрде орналасқан. Ереже бойынша 50 метр. Әрине тұрғындар өз қажеттігі бойынша көлікке отыруға, дүкенге не мектеп, бала бақшаға бару үшін қауіпті болса да темір жолдан өтеді. Осында жиналған мамандар өз міндеттерін өз деңгейінде орындап, заңдылықтың орындалуын қамтамассыз етсе, нәтиже болары анық.Әкімшілік шара көру де керек».

Қазақстан теміржолы тарапынан да шаралар көрілуде. Көктемге дейін Бадам-Шымкент, Шымкент-Манкент бағытында теміржолы бойында қоршау жасалмақ. Алайда бұл да мәселені толық шешеді деп айтуға болмайтынын маман жасырған жоқ.

Бақыт Әгібаев, КТЖ Шымкент бөлімшесінің бас инженері: «Қоршауларды жасаймыз, қараусыз қалған малдың темір жолында жайылуына кедергі болады. Алайда ол адамдарға тосқауыл болмайды. Жолдың қауіпті екендігін адамдар санасымен түсінуі тиіс. Ал өткелдерді салу көп қаражатты талап етеді. Ол жөнінде жоғарыға ұсыныс жасадық».

Теміржолшыларға адамның өмірі түк емес сияқты. Олар қаржыларын санап әлек. Теміржолдағы жағдайды реттеуге бүкіл қоғам жұмылуы тиіс. Жергілікті әкімдіктер де шетте қалмауы тиіс деп есептейді мамандар.

Өңірде демография өсуде деп қуанамыз. Ал өз салғырттығынан қаза болғандарды естігенде көңілің құлазиды. 

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=maBnkTthypY[/youtube]